Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту, өндірістік әлеуетті арттыру және өңірлердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында халықаралық әріптестік байланыстарды кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, Ухань қаласында Қытайдың жетекші компаниялары мен инвесторларымен маңызды келіссөздер жүргізді.
Кездесулер барысында өңірде жүзеге асырылып жатқан және болашақта іске асырылатын инвестициялық жобалар талқыланып, өндірістік кооперацияны дамыту, жаңа технологияларды енгізу және экспорттық әлеуетті арттыру мәселелеріне басымдық берілді.
Сапар аясында облыс әкімі «Hanya International Holdings» компаниясының басшылығымен кездесті. Келіссөздер барысында Мақтаарал ауданындағы «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы аумағында жүзеге асырылып жатқан ауқымды инвестициялық жобаның барысы қаралды.
Жоба шеңберінде электр техникалық жабдықтар, сантехникалық арматура және пластмасса бұйымдарын өндіруге маманданған заманауи индустриялық парк құрылуда. Жалпы құны 60 миллиард теңгеден асатын жоба толықтай тікелей шетелдік инвестициялар есебінен қаржыландырылуда.
Аталған өндірістік кешен халықаралық логистика, трансшекаралық сауда, импорт пен экспорт операциялары, сондай-ақ энергия жинақтау жабдықтарын өндіру бағыттарын қамтиды. Жоба толық іске қосылған кезде өңірде 800 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту деңгейі артады.
Сонымен қатар өндірістік кооперацияның дамуына, кәсіпкерлік белсенділіктің өсуіне және өңірдің экспорттық әлеуетінің кеңеюіне мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының өнеркәсіп саласындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Қазіргі таңда индустриялық парк аумағында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Инженерлік инфрақұрылымды толық аяқтап, өндірістік нысандарды белгіленген мерзімде пайдалануға беру жоспарланып отыр. Облыс әкімдігі жобаға қажетті қолдау шараларын көрсетіп, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауда.
Бүгінде Түркістан облысы шетелдік инвесторлар үшін тартымды өңірлердің біріне айналып келеді. Өңірдің тиімді географиялық орналасуы, халықаралық көлік дәліздеріне жақындығы, қолайлы инвестициялық ахуалы және мемлекеттік қолдау тетіктері ірі өндірістік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беруде.
Жаңа индустриялық жобалардың іске асуы өңір экономикасының құрылымын жетілдіруге, жоғары қосылған құны бар өнімдер өндірісін ұлғайтуға және импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар өндірілген өнімдерді халықаралық нарықтарға шығару арқылы экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

