ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӨНДІРІС ПЕН ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЖОБАЛАР ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ӨСУІНЕ СЕРПІН БЕРУДЕ

Түркістан облысында экономиканы әртараптандыру, өндірістік әлеуетті күшейту және туризм саласын дамыту бағытындағы кешенді жұмыстар жүйелі жүзеге асырылуда. Мемлекеттік қолдау мен инвестициялық жобалардың нәтижесінде өңірде жаңа өндіріс орындары іске қосылып, туристік инфрақұрылым жаңғыртылып, халықты тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Бұл бастамалар облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетіп, инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етуде.

Түлкібас ауданында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Қарқын Трейд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи құс шаруашылығы кешені. Жалпы құны 53,7 млрд теңгені құрайтын жоба толық іске қосылған кезде жылына 48 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорында 1000 жаңа жұмыс орны құрылып, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және агроөнеркәсіптік кешеннің экспорттық әлеуетін арттыруға елеулі үлес қосады. Қазіргі таңда құс фермаларының құрылысы аяқталуға жақын, ал өндірістің негізгі инфрақұрылымдық нысандары кезең-кезеңімен салынуда.

Өңірдің туристік әлеуетін дамыту бағытында да маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Биыл 100 жылдық мерейтойын атап өткен еліміздегі тұңғыш табиғи қорық – Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы халықаралық деңгейдегі экотуризм орталықтарының біріне айналып келеді. Қорық аумағындағы заманауи Визит-орталық келушілерге өңірдің бай табиғаты мен биоалуантүрлілігін таныстырып, ғылыми-ағартушылық туризмді дамытуға мүмкіндік беруде. Сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтауға бағытталған жұмыстар табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастырумен қатар, ішкі және сыртқы туристердің қызығушылығын арттыруға жол ашуда.

Түлкібас ауданындағы Иірсу шатқалында жүзеге асырылатын жаңа көру алаңының құрылысы да өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі саналады. Жалпы құны 542,4 млн теңгені құрайтын нысан табиғи көрікті жерлердің туристік тартымдылығын арттырып, демалыс индустриясының дамуына және жаңа қызмет көрсету бағыттарының қалыптасуына мүмкіндік береді. Жоба іске қосылғаннан кейін ауданға келетін туристер санының артуына және жергілікті кәсіпкерліктің дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.

Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған тағы бір маңызды жоба – Күмісбастау ауылындағы «Beibars Bottlers» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алкогольсіз сусындар шығаратын зауыты. Кәсіпорын халықаралық талаптарға сәйкес өндіріс жүргізіп, әлемге танымал «RC Cola» брендімен өнім шығаруда. Заманауи технологияларға негізделген өндіріс ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақта өнім көлемін ұлғайтып, өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Жалпы, Түркістан облысында өндіріс, ауыл шаруашылығы және туризм бағытында іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар өңір экономикасының тұрақты өсіміне негіз қалайды. Жаңа кәсіпорындардың ашылуы, өндірістік қуаттардың артуы, туристік инфрақұрылымның жаңғыруы және инвестициялық белсенділіктің күшеюі халықтың әл-ауқатын жақсартып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, кәсіпкерліктің дамуына және облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің нығаюына тұрақты серпін беруде.