ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҮШЕМДЕРДІ ДҮНИЕГЕ ӘКЕЛГЕН ЕКІ ОТБАСЫНА ЖАҢА БАСПАНА ТАБЫСТАЛДЫ

Түркістан облысында әлеуметтік қолдау мен халықтың өмір сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін беруде. Өңірде демографиялық өсімді ынталандыру, көпбалалы және жас отбасыларды қолдау – әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Осы тұрғыда Шардара ауданында ел үшін маңызы зор игі бастама жүзеге асырылды.

Жуырда Шардара ауданында үшемдерді дүниеге әкелген Ешмуратовтар мен Оңайовтар отбасыларына жаңа пәтерлердің кілттері салтанатты түрде табысталды. Бұл – өңірде ана мен баланы қорғауға, отбасы институтын нығайтуға бағытталған кешенді жұмыстың нақты көрінісі.

Аталған бастама Шардара ауданы әкімдігінің қолдауымен және демеушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Бұған дейін аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың қолдауымен әр отбасыға 3 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетілген болатын. Бұл қаражат жас отбасылардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға және балалардың алғашқы қажеттіліктерін өтеуге бағытталды.

Ал араға көп уақыт салмай, аудан әкімінің бастамасымен Шардара қаласындағы Ж.Қолдасов көшесінде орналасқан, заманауи талаптарға сай салынған жаңа пәтерлердің кілттері салтанатты жағдайда табысталды. Жаңа баспаналар толықтай демеушілердің қаржысы есебінен бой көтерген.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Арман Қарсыбаев өңірде көпбалалы отбасыларды қолдау мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар жұмысының маңызды бағыты екенін атап өтті. Оның айтуынша, отбасыға көрсетілген қолдау – тек әлеуметтік көмек қана емес, бұл болашаққа салынған инвестиция.

Сонымен қатар аудандық мәслихат төрағасы Бұлтбай Мүтәлиев те құттықтау сөз сөйлеп, дүниеге келген үшемдердің елдің дамуына үлес қосатын саналы, білімді азамат болып қалыптасуына тілектестігін білдірді.

Қуанышы қойнына сыймаған қос шаңырақ иелері аудан басшылығына және демеушілерге шынайы алғыстарын жеткізді. Жаңа баспана – жас отбасылар үшін үлкен қолдау ғана емес, балалардың алаңсыз өсіп-жетілуіне жасалған маңызды қадам.

Бүгінде Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік инфрақұрылым және халықты қолдау бағытындағы жобалар кешенді түрде жүзеге асырылып келеді. Мұндай бастамалар өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтып, демографиялық әлеуетін арттыруға ықпал етуде.

Үшемдердің өмірге келуі – әр өңір үшін ерекше қуаныш. Ал сол қуанышты нақты іспен қолдау Түркістан облысының әлеуметтік саясаттағы басты ұстанымдарының біріне айналып отыр. Ана мен балаға жасалған қамқорлық – өңірдің орнықты дамуының, ел болашағының берік негізі.