ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ ӨҢІРДІҢ ОРНЫҚТЫ ДАМУЫНА БАҒЫТ АЛДЫ

Түркістан облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару, қоқыс полигондарын талапқа сәйкестендіру және қалдықтарды қайта өңдеу бағытындағы жұмыстар өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, экономиканың жаңа секторларын дамытуға серпін беріп отыр. Бұл мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте кеңінен талқыланды.

Бүгінде облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын 128 полигон бар. Оның 35-і аудандық деңгейде, 40-ы ауылдық округтерде орналасқан, ал 50 полигон сенімгерлік басқаруға берілген. Жүргізілген талдау нәтижесі полигондардың басым бөлігінің санитарлық-экологиялық талаптарға сай келмейтінін көрсетті. Бұл жағдай өңірдің экологиялық ахуалына ғана емес, тұрғындардың өмір сапасына және инвестициялық тартымдылығына да кері әсер ететіні атап өтілді.

Аппарат мәжілісінде облыс әкімі жауапты мекемелерге мәселені жүйелі шешу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

– Қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигондарды талапқа сәйкестендіріп, оңтайландыру қажет. Сенімгерлік басқаруға берілген полигондар бойынша міндеттемелердің орындалуын аудан, қала әкімдіктері қатаң бақылауға алуы тиіс. Бей-берекет қоқыс орындарының алдын алу жұмыстары күшейтілуі қажет. Қалдықтарды сұрыптау мен қайта өңдеу бағытында нақты ұсыныстар әзірленіп, жеке кәсіпкерлермен бірлескен жобалар жандансын, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Төлепов атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады. Оның айтуынша, 2024–2026 жылдарға арналған арнайы іс-шара жоспары аясында полигондарды оңтайландыру және талапқа сәйкестендіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Өткен жылы облыстық бюджеттен 598 млн теңге бөлініп, 3 полигонның құрылысы басталды.

Жоспарға сәйкес биыл 33 полигонды оңтайландыру арқылы жабу көзделгенімен, аудан және қала әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыстардың баяу жүргізілгені айтылды. Сонымен қатар 29 полигонды санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкестендіру жоспарланған. Қазіргі таңда Арыс қаласында – 3, Шардара ауданында – 3, Созақ ауданында – 4 полигонды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалардың жалпы құны 537,7 млн теңгені құрайды.

Экономикалық тұрғыдан алғанда, қалдықтарды қайта өңдеу саласы өңір үшін жаңа өндірістік бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Алдағы кезеңде облыста қалдықтарды сұрыптайтын 7 желі мен қайта өңдейтін 3 қондырғы орнату жоспарланған. Осы бағытта Сарыағаш ауданында орналасқан «Sadyk bereke» ЖШС «Жасыл даму» АҚ тетігі арқылы жеңілдетілген қаржыландыруға қол жеткізіп, қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы жұмыртқа лотогын шығаратын өндірістік қондырғыны іске қосуды жоспарлауда. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін береді.