ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҚТЫҚ САЯСАТ ЖҮЙЕЛІ ІСКЕ АСЫРЫЛЫП, ҚАЛДЫҚТАРДЫ БАСҚАРУ ТИІМДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында құқықтық саясатты іске асыру аясында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау және қатты тұрмыстық қалдықтарды басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысының қалдықтарды қайта өңдеу үлесін арттыру, инвестиция тарту арқылы өңдеу кәсіпорындарын көбейту және экологиялық заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалары өңірде кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.

Экологиялық құқықтық саясаттың негізгі мақсаттарының бірі – табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, қалдықтарды тиімді басқару және азаматтардың қолайлы қоршаған ортада өмір сүру құқығын қамтамасыз ету. Осыған байланысты Түркістан облысында қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу саласында құқықтық талаптарға сәйкес жұмыс істейтін кәсіпорындардың қызметі жүйелі түрде дамытылып, мемлекеттік бақылау мен экологиялық талаптардың сақталуына ерекше назар аударылуда.

Бүгінде өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару инфрақұрылымы біртіндеп жетілдірілуде. Облыста ондаған мекеме қоқысты жинау және тасымалдау қызметін көрсетсе, бірқатар кәсіпорын қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарын жүзеге асыруда. Бұл экологиялық заңнаманың талаптарын орындауға, қалдықтардың қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін азайтуға және қайта өңдеу үлесін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Экологиялық құқықтық саясатты жүзеге асырудағы маңызды өндірістердің бірі – Кентау қаласында жұмыс істейтін «Қаратау Полимер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Кәсіпорын бірнеше жылдан бері тұрмыстық пластик қалдықтарын сұрыптап, қайта өңдеу арқылы оларды өндірістік шикізатқа айналдыру бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Мұндай өндірістер қалдықтарды кәдеге жарату жөніндегі мемлекеттік саясаттың тиімді іске асуына, табиғатты қорғау талаптарының сақталуына және экологиялық жауапкершілік мәдениетінің қалыптасуына өз үлесін қосуда.

Жылдық өндірістік қуаттылығы 1500 тоннаға дейін жететін кәсіпорында қайта өңделген өнімнің бір бөлігі экспортқа шығарылып, өңірдің өндірістік әлеуеті мен экспорттық мүмкіндіктерінің кеңеюіне ықпал етуде. Сонымен қатар өндірістің дамуы жаңа жұмыс орындарының құрылуына, шағын және орта бизнестің өркендеуіне және өңір экономикасының әртараптануына оң әсерін тигізіп келеді.

Түркістан облысында құқықтық қамтамасыз ету бағытында экология саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар және кәсіпкерлік субъектілері арасында өзара тиімді байланыс қалыптасқан. Экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау, қалдықтарды басқару саласындағы талаптарды түсіндіру, кәсіпорындарға құқықтық қолдау көрсету және табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.

Сонымен қатар өңірде тұрғындардың экологиялық және құқықтық мәдениетін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өткізілетін пресс-турлар, ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары мен экологиялық акциялар азаматтардың қоршаған ортаға жауапкершілігін күшейтіп, экологиялық заңнаманың талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуде.