Түркістан облысы шетелдік инвестицияларды тарту арқылы өңірлік экономиканы дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу және жұмыс күшін қамтамасыз ету бағытында бірқатар маңызды жобаларды іске асыруда. Осыған орай облыста инвесторлармен кездесу мен келіссөздер жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соңғы уақытта облыс әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік кәсіпкер Сун Чунмин және «Turan Shenhua» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Нұрлан Рысбековпен кездесіп, өңірде инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың жолдарын жан-жақты талқылады.
Кездесу барысында екіжақты қарым-қатынасты нығайту, өндіріс көлемін арттыру және жаңа кәсіпорындар ашу мүмкіндіктері қаралды. Бұған дейін Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын шығаратын зауыт сәтті іске қосылған болатын. Инвесторлар мұздатқыш шығаратын жаңа зауыт құруға қызығушылық танытып, нақты жобалық ұсыныстарын ұсынды.
Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті айқын көрсетілді. Облыс басшысы өңірдің стратегиялық артықшылықтарын атап, «Түркістан облысы еліміздің қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының бірі және үлкен инвестициялық мүмкіндікті иеленген өңір. Біздің өңір – Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі арқылы әлемдік нарыққа шығудың мүмкіндігі ашылады. Мұнда инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар жер учаскелері, индустриалды аймақтар және шағын өнеркәсіптік парктер ұсынылады. Сондай-ақ терең өңдеу өндірісін ұйымдастыру үшін «Turan» арнайы экономикалық аймағы салықтық және кедендік жеңілдіктермен қолдау көрсетеді. Біз шетелдік компаниялардың бизнесті дамыту бастамаларын толық қолдауға дайынбыз», – деді.
Инвесторлар Үкімет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылығын білдіріп, жаңа жобаларды іске асыруға дайын екендерін жеткізді. Олардың жоспары бойынша мұздатқыш қондырғыларымен қатар, тұрмыстық техника түрлерін шығару жобасы да жүзеге асады. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 5,5 млрд теңгені құрайды, ал зауыт 2026 жылы құрылысын бастап, толық іске қосылғанда 300 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндіріс қуаттылығы жылына 250 мың данаға жетеді. Зауыт Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында орналасады.
Келіссөздер қорытындысында тараптар өнеркәсіп және өндіріс салаларында ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдіріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты жұмыс жоспарларын бекітті. Бұл жоба Түркістан облысының инвестициялық тартымдылығын арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық әлеуетін кеңейтуге, жаңа өндіріс орындарын ашуға және тұрғындар үшін тұрақты жұмыс орындарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Облыстағы осындай ынтымақтастық Түркістанды Орталық Азиядағы бизнес пен өндірістің жаңа хабына айналдыруға септігін тигізеді және өңірдің экономикалық дамуында жаңа белестерге жол ашып отыр.
