Түркістан облысында аудан және қалалар деңгейінде шағын өндірістік алаңдарды құру жұмыстары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп отыр. Жалпы саны 22 шағын өндірістік алаңның іске асырылуы өңір экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған жүйелі саясаттың нақты көрінісі.
Қазіргі таңда жалпы аумағы 225,4 гектарды құрайтын өндірістік алаңдарда 256 өндірістік ғимараттың құрылысы жүргізілуде. Бұл нысандарда инвестициялық құны 212,8 млрд теңгені құрайтын 152 жоба іске асырылмақ. Мұндай ауқымды бастама өңірге жеке инвестиция тартуды күшейтіп, өндірістік әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді.
Өндірістік алаңдардың басты ерекшелігі – олардың аудан және қала аумақтарында орналасуы. Бұл экономикалық белсенділікті орталықтан шалғай аймақтарға теңдей таратуға жағдай жасап, өңірішілік теңгерімді дамуға ықпал етеді. Жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылуы көші-қон үдерістерін азайтып, халықтың әлеуметтік тұрақтылығын нығайтады.
Шағын өндірістік парктерде іске асатын жобалардың басым бөлігі құрылыс материалдарын өндіру, пластик пен резеңке өнімдері, жиһаз өндірісі, жеңіл өнеркәсіп және химия салаларын қамтиды. Бұл салалар күнделікті тұтыну мен инфрақұрылымдық сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде өңір экономикасында жергілікті шикізатты терең өңдеу үлесі артып, импортқа тәуелділік төмендейді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің өндірістік алаңдарды жеделдету жөніндегі тапсырмасы бұл жобалардың стратегиялық маңызын айқындайды. Арнайы жол картасының бекітілуі және аудан, қала әкімдерінің жеке бақылауға алуы жобалардың уақытылы әрі сапалы іске асуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде өңірде қолайлы инвестициялық климат қалыптастыруға ықпал етеді.
Қазіргі таңда Сауран, Ордабасы, Шардара, Жетісай және Түлкібас аудандарында өндірістік алаңдар салу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Алдағы уақытта жобалар саны мен қамтитын салалар кеңейтіліп, шағын және орта бизнестің өндірістік бағыты жаңа деңгейге көтеріледі деп күтілуде.Түркістан облысында шағын өндірістік алаңдарды дамыту – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды тетігі. Бұл бастама кәсіпкерлікті қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға, өндіріс көлемін арттыруға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған.

