ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ҚЫЗМЕТІ НЫҒАЯ ТҮСУДЕ

Түркістан облысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын арттыру бағытында маңызды жобалар іске асуда. Соның айғағы – Сайрам және Ордабасы аудандарында үш жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы. Бұл – тек төтенше жағдайлардың алдын алу шарасы ғана емес, аймақтың экономикалық тұрақтылығы мен өзін-өзі қамтамасыз ету қабілетін арттыратын нақты қадам. Жаңа нысандардың іске қосылуы ауылдық аумақтардағы инфрақұрылымның даму қарқынын көрсетеді. Қарамұрт пен Құтарыс ауылдарында ашылған бекеттер мыңдаған тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жергілікті инфрақұрылымды жаңа сапа деңгейіне көтереді.Құрылыс жұмыстарының бір бөлігі жеке кәсіпкерлер мен қайырымдылық қорларының есебінен жүзеге асқаны – азаматтық жауапкершілік пен мемлекеттік-жеке серіктестіктің жарқын үлгісі. Бұл – өңір экономикасының ішкі серпінге сүйеніп, өз ресурстары арқылы дамып келе жатқанын дәлелдейді. Құтарыс ауылындағы өрт сөндіру бекеті 8 мыңнан астам тұрғынды, ал Қарамұрттағы нысан 20 мыңға жуық адамды қамтиды. Жобалар аясында заманауи техника мен құрал-жабдықтар орнатылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Осы арқылы өңірдің еңбек нарығы да жанданып, ауылдық жерлердегі әлеуметтік белсенділік күшейді. Экономикалық тұрғыдан алғанда, мұндай жобалар өңір бюджетіне түсетін жүктемені азайтып, жергілікті деңгейде қауіпсіздік жүйесін күшейту арқылы экономикалық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді. Төтенше жағдайлар қаупінің азаюы – тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың сақталуына, яғни экономикалық активтердің тұрақты болуына ықпал етеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің айтуынша, соңғы жылдары Түркістан өңірінде азаматтық қорғаныс жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы екі жыл ішінде өңір бюджетінен төтенше жағдайлар қызметіне 30-ға жуық жаңа техника алынған, ал Сауран мен Төлеби аудандарында жалпы құны 1,6 млрд теңгеден асатын өрт сөндіру бөлімдері пайдалануға берілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау – экономикалық тұрақтылықтың басты шарты. Осы тұрғыдан алғанда, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы өңірлік даму саясатының өзегіне айналып отыр. Бағдарлама аясында Түркістан облысында барлығы 32 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланған, олардың бесеуі биылдың өзінде тапсырылмақ. Бұл тек әлеуметтік бастама емес, өңірдің экономикалық дербестігі мен өмір сапасын арттырудың ұзақ мерзімді негізі.