Түркістан облысы өңірінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, басқарма басшылары, аудан және қала әкімдері қатысып, оған облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті.
Комиссия отырысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, тәуекелдерді төмендету және құқықтық тетіктерді жетілдіру мәселелері жан-жақты қаралды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген мониторинг қорытындылары болды. Бұл бағытта Нұрлан Амандық баяндама жасап, анықталған заңбұзушылықтар мен жүйелік кемшіліктерге тоқталды. Ол мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің ашықтығын арттыру, бақылау механизмдерін күшейту және құқықтық реттеуді жетілдіру бойынша нақты ұсыныстарын ұсынды.
Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ақаділ Сатыбалды салада атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, енгізілген бақылау құралдары мен заңнамалық талаптардың сақталу деңгейіне тоқталды.
Жиын барысында комиссия мүшелері мемлекеттік сатып алу үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және құқықтық мәдениетті арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау және шешім қабылдау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ цифрландыру тетіктерін кеңінен енгізу, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін автоматтандыру және адами факторды азайту арқылы құқықтық бақылауды күшейту қажеттігі айтылды. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру міндеті де күн тәртібінен түскен жоқ.
Отырыс қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауға алынатыны ескертілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров әрбір мемлекеттік органға сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою және құқықтық қамтамасыз ету шараларын күшейту бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Айта кетейік, өңірде мемлекеттік сатып алу саласында жұмыс істейтін қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 2025 жылы 11 онлайн және 4 оффлайн форматта семинарлар ұйымдастырылып, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.
