Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа өндірістерді іске қосу және халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану нәтижесінде өңірде кәсіпкерлік белсенділігі артып, экономиканың негізгі көрсеткіштері оң динамика көрсетуде.
Бұл мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жан-жақты қаралып, кәсіпкерлікті дамыту мен инвестициялық белсенділікті арттыруға қатысты алдағы міндеттер айқындалды.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 200 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі табысты жұмыс істеуде. Осы көрсеткіш бойынша өңір Алматы және Астана қалаларынан кейін республикада үшінші орында тұр. Сонымен қатар сауда саласындағы нақты көлем индексі 119,7 пайызға жетіп, Түркістан облысы еліміздегі үздік үш өңірдің қатарына енді.
Өңірде кәсіпкерлерге қолайлы бизнес-орта қалыптастыру, жаңа өндірістер ашу және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бүгінде «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы жалпы құны 58,5 млрд теңгені құрайтын 377 кәсіпкерлік жоба сүйемелденіп жатыр. Бұл жобалар толық жүзеге асқанда 3 082 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жыл басынан бері аталған жобалардың 78-і іске қосылып, өңір экономикасына 9,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Соның нәтижесінде 275 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Іске асырылған жобалардың қатарында сабын және пластик бұйымдарын өндіру, балық өңдеу, ауыл шаруашылығы техникасына арналған қосалқы бөлшектер шығару, жиһаз жасау, мақта өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру және медицина саласындағы өндірістер бар.
Кәсіпкерлерді қаржылай қолдау шаралары да өз нәтижесін беруде. Биыл «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары аясында кәсіпкерлік субъектілеріне 85 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие беру жоспарланған. Бүгінгі таңда «Өрлеу» бағдарламасы арқылы 64 жобаға 18,6 млрд теңге, ал «Іскер аймақ» бағдарламасы шеңберінде 6 жобаға 448,5 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді.
Сонымен бірге ауыл кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында да нақты нәтижелер бар. Қазіргі уақытта 140 жобаға сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп, оның 69 жобасына 606,4 млн теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Бағдарлама аясында қымыз өндіру, аяқ киім тігу, балық өңдеу, табиғи шырын шығару, ет және мақта өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы кәсіпорындар іске қосылып, ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындары құрылуда.
Өңірдің өндірістік әлеуетін арттыру мақсатында өндірістік инфрақұрылымды дамытуға да басымдық берілуде. Облыс аумағында 29 шағын өндірістік парк құрылып, олардың аумағында 275 өндірістік ғимараттың құрылысы қолға алынған. Қазіргі таңда 141 өндірістік нысан пайдалануға берілді. Жалпы құны 226,9 млрд теңгені құрайтын 269 жобадан тұратын өндірістік пул қалыптастырылып, оның 78 жобасы іске қосылды.
Өндірістік парктерде жиһаз өндірісі, құрылыс материалдарын шығару, жеңіл өнеркәсіп, химия және тамақ өнеркәсібі бағытындағы кәсіпорындар жұмысын бастауда. Ал жыл соңына дейін ақылды есептегіш құрылғылар, күн панельдерінің құрамдас бөлшектері, пластикалық құбырлар, тұрмыстық химия өнімдері мен құрылыс материалдарын өндіретін бірқатар жаңа өндірістерді іске қосу жоспарланған.

