ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ӨҢІРДІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨСУІНЕ СЕРПІН БЕРУДЕ

Түркістан облысында инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және халықты тұрақты жұмыспен қамту өңірлік дамудың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. Осы бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес Жетісай ауданында ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Аудан аумағында жалпы көлемі 59 гектарды құрайтын «Жетісай» өңірлік маңызы бар индустриялық аймақ пен 1 гектар жерге өндірістік парк құру жұмыстары қарқынды жүзеге асуда. Бұл алаңдар өңір экономикасын әртараптандыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге және өнеркәсіптік әлеуетті арттыруға бағытталған. Осыған орай аудан әкімі Серік Мамытов инвесторлармен арнайы кездесу өткізіп, атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларды талқылады.

Инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде индустриялық аймақта жалпы құны 31,2 млрд теңгені құрайтын 9 ірі жоба іске асырылмақ. Олардың қатарында сүт өңдеу зауыты, мақта өңдеу кәсіпорны, жіп иіру фабрикасы, су үнемдеу жабдықтарын өндіру зауыты, сондай-ақ полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу кәсіпорындары бар. Ал өндірістік парк аумағында құны 210 млн теңге болатын 5 жоба – түйіршіктелген құрама жем, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспалары, тұрмыстық химия өнімдері, әжетхана қағазы мен майлықтар өндіру бағытындағы өндірістерді іске қосу жоспарланған.

Аталған жобалар толық жүзеге асқанда 1200-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде аудан халқының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және ішкі еңбек нарығын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары болғандықтан, жаңа өндіріс орындары жергілікті шикізатпен қамтамасыз етіліп, қосымша құн тізбегі қалыптасады.

Айта кету керек, соңғы 30 жылда ірі өндіріс орындары салынбаған ауданда алғаш рет зауыттардың іске қосылуы өңір экономикасына тың серпін бермек. Бұл бастамалар мақталы өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа кәсіпкерлердің қалыптасуына, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашады.

Жалпы, 2020 жылдан бері Жетісай ауданына 90,2 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Алдағы жылдары жүзеге асырылатын жобалардың нәтижесінде 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 419,6 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл – Түркістан облысының ұзақмерзімді экономикалық дамуына бағытталған жүйелі саясаттың нақты көрінісі.

Осылайша, индустриялық аймақтар мен өндірістік парктерді дамыту арқылы Түркістан облысы инвестиция тартудың жаңа кезеңіне қадам басып, өңірлік экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге бағытталған нақты істерді жүзеге асырып келеді.