Түркістан облысында құқықтық саясатты іске асыру аясында азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және қауіпсіз көлік инфрақұрылымын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысының заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту және тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларына сәйкес өңірде жол қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Осы бағыттағы жұмыстардың бірі Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдық елді мекендерде жүзеге асырылып жатыр. Жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту барысында көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, автокөлік тұрақтарын заманауи талаптарға сәйкестендіру және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге басымдық берілуде.
Қазіргі таңда Кентау қаласындағы Ясауи даңғылы бойында автотұрақ орындарын ретке келтіру мақсатында асфальт-бетон жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аяқталғаннан кейін тұрғындар мен қала қонақтарының көліктерін қауіпсіз әрі қолайлы орналастыруына мүмкіндік жасалып, көлік қозғалысын ұйымдастыру сапасы жақсарады. Бұл жұмыстар қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және жол қозғалысын құқықтық талаптарға сай ұйымдастыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі саналады.
Сонымен қатар, Қарнақ ауылындағы Түркістан – Ш.Қанайұлы көшелерінің қиылысында жол қозғалысын реттеу және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында айналмалы қозғалыс бөлігін абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында жаңа асфальт-бетон жабыны төселіп, жаяу жүргіншілер жолдары қарастырылуда. Бұл көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, тұрғындардың жол инфрақұрылымын қауіпсіз пайдалануына жағдай жасайды.
Жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту құқықтық саясаттың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Себебі сапалы жолдар, талапқа сай ұйымдастырылған қозғалыс жүйесі мен қауіпсіз жаяу жүргіншілер аймақтары азаматтардың қауіпсіз ортада өмір сүру құқығын қамтамасыз етуге, жол қозғалысы ережелерінің сақталуына және құқық бұзушылықтардың алдын алуға тікелей ықпал етеді.
Түркістан облысында құқықтық қамтамасыз ету бағытында жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметі және өзге де бейінді мекемелердің өзара үйлесімді жұмысы нәтижесінде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған кешенді шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, жол қозғалысы мәдениетін қалыптастыру, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша профилактикалық және түсіндіру жұмыстары да жүйелі түрде ұйымдастырылуда.

