ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДА ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА БАСТАЛДЫ

Түркістан облысының экономикалық дамуы мен инвестициялық тартымдылығын арттыру бағытында жоспарлы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Осы мақсатта бүгін өңірде жеңіл өнеркәсіп саласындағы стратегиялық маңызды жоба – джинсы маталарын өндіретін зауыттың іргетасы қаланды. Іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, «Hygeia Textile Kazakhstan» ЖШС-ның директоры Жин Ёуйй және жобаның инвесторлары қатысты.

Жаңа кәсіпорын «Turan» арнайы экономикалық аймағында салынуда. Жобаның жалпы құны 23,3 млрд теңгені құрап, толық жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылады. Зауыт 20 гектар аумақты қамтып, жылына 30 мың тонна мақта-мата жібін өңдеп, 10 млн метр джинсы маталарын шығарады. Дайын өнімдер Еуропа және Орталық Азия елдеріне экспортқа шығарылады. Бұл жобаның іске асуы облыстың жеңіл өнеркәсіп әлеуетін арттырып қана қоймай, импортты алмастыруға, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің сөзінше, жобаның маңызы өңір экономикасын әртараптандыруда айқын көрінеді. «Түркістан облысында мақта кластерін дамыту арқылы шикізатты өңдеу мен дайын өнім шығару жүйесін толық қамтамасыз етеміз. Жаңа зауыт – өңірді Қазақстандағы тоқыма өндірісінің негізгі орталықтарының біріне айналдырады. Сондай-ақ, жобаның жүзеге асуы мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құрып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді», – деді әкім.

Жобаны үш кезеңде іске асыру жоспарланып отыр. Зауыт заманауи технологиялық жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, өндіріс процесі автоматтандырылған. Бұл әдіс өнім сапасын арттырып, өндіріс тиімділігін жоғарылатуға бағытталған.

Сонымен қатар, Түркістан облысындағы индустриалды аймақтар, арнайы экономикалық аймақтар мен шағын өндірістік парктердің жұмысының жандануын есепке алғанда, 2025 жылдың 10 айында өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 1,3 трлн теңгеге жетіп, өсім деңгейі 113,4 пайызды құрады. Жеңіл өнеркәсіп саласындағы жаңа жобаның іске қосылуы бұл өсімді әрі қарай арттыруға, өңірдің өндірістік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Жаңа зауыт тек экономикалық көрсеткіштерді арттырып қана қоймай, Түркістан облысын халықаралық нарыққа интеграциялауға, өңірге инвестиция тартуға және кәсіпкерліктің дамуына тың серпін береді. Мұндай ірі жобалар аймақтың индустриялық дамуын қамтамасыз етіп, жергілікті халықтың өмір сүру сапасын көтеруге, тұрақты жұмыс орындарын құруға елеулі үлес қосады.

Түркістан облысының жеңіл өнеркәсіп саласындағы бұл бастама – өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру мен экономикалық әртараптандырудың нақты көрінісі болып отыр. Жобаның табысты жүзеге асуы Түркістанды Қазақстандағы жетекші тоқыма өндірісі орталығына айналдырары анық.