Түркістан облысы соңғы жылдары ел экономикасының ең қарқынды дамып келе жатқан аймақтарының біріне айналды. Индустрияландыру мен инвестиция тарту бағытындағы нақты істер өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейтіп, жаңа өндіріс ошақтарының ашылуына жол ашуда.
Солардың бірі – «TURAN» арнайы экономикалық аймағының аумағында жалпы құны 7 миллиард теңгені құрайтын жаңа өндіріс орнының капсуласы салтанатты түрде қаланды. Бұл – өңірдің өндірістік қуатын арттырып, еңбек нарығына серпін беретін маңызды қадам. Жоба аясында «BEREKE PLASTIC» зауытының құрылысы жүргізілуде. Онда пластик және қағаздан жасалған бір реттік ыдыс-аяқ пен тұрмыстық бұйымдардың 18 түрі өндіріледі. Кәсіпорын іске қосылғаннан кейін жылына 600–700 тонна өнім өндіріліп, 65 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл тек экономикалық емес, экологиялық тұрғыдан да маңызды бастама – отандық өнім көлемін арттырумен қатар, импортты алмастыруға мүмкіндік береді. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров іргетас қалау рәсімінде өңірдің индустриялық дамуындағы басым бағыттарды атап өтті:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әр жаңа жоба – жаңа мүмкіндік, жаңа табыс көзі. Жұмысшы мамандығы – ел экономикасының қозғаушы күші. Бұл зауыт іске қосылған соң өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді, – деді өңір басшысы.
Бүгінде «TURAN» арнайы экономикалық аймағы – Түркістанның индустриялық өрісін кеңейтіп отырған стратегиялық алаң. Жалпы көлемі 365 гектарды құрайтын аймақта 72 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, төрт ірі жоба бойынша 500-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Инфрақұрылым толық дайын: инженерлік желілер тартылған, кәсіпорындарға қажетті барлық жағдай жасалған.
Сонымен қатар, облыста кадр даярлау мәселесіне де ерекше назар аударылуда. Биылдың өзінде 8 мыңнан астам түлек ірі инвестициялық жобаларға тартылмақ. Қазіргі таңда өңірде 2 290 жұмысшы маман қажет, ал агроөнеркәсіп, энергетика, техника және құрылыс салаларында 11 мамандық бойынша кадр тапшылығы байқалуда. Осыған байланысты колледждерге жаңа лицензиялар беріліп, сұранысқа ие жұмысшы кадрларды даярлау бағытында нақты шаралар қолға алынған.
Түркістан облысы бүгінде ел экономикасының жаңа драйверіне айналып келеді. Жаңадан бой көтерген зауыттар, іске қосылған өндіріс орындары мен тартылған инвестициялар – өңірдің экономикалық дербестігін нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттырудың нақты көрсеткіші. Жаңа өндіріс – жаңа серпін, жаңа мүмкіндік. Ал Түркістан – сол мүмкіндіктің мекені.
