Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру, құқықтық саясатты тиімді іске асыру және қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыру бағытында Түркістан облысында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте құқық қорғау органдары, білім беру мекемелері мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған маңызды құралдардың біріне айналып отыр.
Осы бағыттағы жұмыстар аясында Сайрам ауданы прокуратурасының үйлестіруімен «Саналы ұрпақ» жобасы шеңберінде Ақсукент гуманитарлық-техникалық колледжінде студент жастармен кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және заң талаптарын құрметтеу қағидаттарын кеңінен насихаттау.
Кездесуге прокуратура және полиция органдарының қызметкерлері қатысып, студенттермен ашық форматта пікір алмасты. Жиын барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен кибербуллингтің зияны, қоғамдық тәртіпті сақтау, интернет қауіпсіздігі, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жауапкершілігі мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Құқық қорғау органдарының өкілдері жастарға заң талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндіріп, құқықтық жауапкершіліктің қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды. Сонымен қатар студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, құқықтық мәселелер бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде Түркістан облысында құқықтық саясатты іске асыру аясында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта құқықтық түсіндіру кездесулері, профилактикалық іс-шаралар, ашық диалог алаңдары мен ақпараттық жобалар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Әсіресе жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, заңға құрметпен қарау және азаматтық жауапкершілікті нығайту мәселелері басым бағыттардың бірі болып саналады.
Құқықтық мемлекет құрудың басты шарттарының бірі – құқықтық санасы жоғары, заң талаптарын құрметтейтін және қоғамдық жауапкершілікті сезінетін азаматтарды тәрбиелеу. Осы тұрғыдан алғанда, «Саналы ұрпақ» жобасы аясында өткізілетін мұндай кездесулер жастардың құқықтық білімін арттырып қана қоймай, олардың заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді.
Түркістан облысында құқықтық қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқықтық мәдениетті нығайтуға және қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырыла береді.

