Түркістан облысында әлеуметтік саланың маңызды бағыты – денсаулық сақтау жүйесі соңғы жылдары сапалық жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Соның айқын дәлелі ретінде Түркістан қалалық орталық ауруханасында ұйымдастырылған баспасөз турын атап өтуге болады. Іс-шара барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне медициналық мекеменің қызметі, жетістіктері мен алдағы даму жоспарлары кеңінен таныстырылды. Түркістан қалалық орталық ауруханасы – өңірдегі ірі көпсалалы медициналық ұйымдардың бірі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекеме 2024 жылы І санатты аккредитациядан өтіп, халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету деңгейін айтарлықтай арттырды. Бұл – өңірдегі медициналық қызмет сапасының жүйелі түрде жақсарып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіш. Соңғы жылдары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясындағы қызмет көлемі 28,16 пайызға ұлғайған. Бүгінде ауруханада жоспарлы еммен қатар шұғыл көмек пен тәулік бойғы стационарлық қызмет толық қаржыландырылып отыр. Сонымен қатар компьютерлік томография, ангиография, эндоскопиялық зерттеулер секілді қымбат диагностикалық қызметтердің тұрғындарға тегін ұсынылуы – халықтың медициналық қызметке қолжетімділігін арттырудағы маңызды қадам. Жоғары технологиялық медициналық көмектің көлемі де тұрақты өсуде. Интервенциялық кардиология бөлімшесінде мыңдаған күрделі операциялар сәтті жасалып, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуде озық әдістер енгізілген. Нейрохирургия саласында да жаңа технологиялар қолданылып, күрделі диагнозы бар науқастарға жоғары деңгейде көмек көрсетілуде. Өңірде алғаш рет енгізілген бірқатар инновациялық емдеу тәсілдері медицинаның даму қарқынының жоғары екенін айғақтайды. Сонымен қатар, кохлеарлық имплантация, буындарды протездеу, вертебропластика секілді күрделі операциялардың жүзеге асырылуы тұрғындардың өз өңірінде сапалы ем алуына мүмкіндік беріп отыр. Жақ-бет хирургиясы бағытында мыңдаған реконструктивті операциялар жасалып, тек Түркістан облысының ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен келген пациенттерге де қызмет көрсетілуде. Бұл өз кезегінде өңірдің медициналық туризм әлеуетін де арттыруда. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында да нақты нәтижелер бар. Перинаталдық көмек жүйесі жетілдіріліп, жүздеген жүкті әйел мен босанған аналарға жоғары деңгейлі медициналық қызмет көрсетілген. Сонымен қатар телемедицина мен медициналық авиацияны дамыту арқылы шалғай елді мекен тұрғындарына да сапалы кеңес беру мүмкіндігі кеңейіп келеді. Өңірдегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту да басты назарда. Биыл аурухана 570 төсек орынға арналған жаңа облыстық көпсалалы ауруханаға көшуге дайындалуда. Бұл – медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық қадам. Алдағы уақытта нейрохирургия, эндоваскулярлық хирургия, кардиохирургия, гемодиализ және онкологиялық қызметтерді дамыту, сондай-ақ күйік бөлімшесін ашу жоспарланып отыр. Медициналық ұйым басшылығының айтуынша, негізгі мақсат – өңір тұрғындарын жоғары технологиялық, қауіпсіз және қолжетімді медициналық көмекпен толық қамтамасыз ету. Заманауи технологияларды енгізу арқылы күрделі оталарды облыс деңгейінде жасау мүмкіндігі кеңейіп, болашақта республикалық деңгейдегі клиникалық орталыққа айналу көзделуде.
