Мемлекет басшысының өңірлердің инфрақұрылымын жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Түркістан облысында табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Газдандыру – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған басым міндеттердің бірі.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселелері қаралып, өңірлердегі газдандыру жұмыстарының барысы, инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Үкімет отырысына бейнебайланыс арқылы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде жүзеге асырылып жатқан газдандыру жобалары мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.
Өткен жылы облыста газдандыруға бағытталған 87 нысанның құрылысына 20,7 млрд теңге бөлініп, оның 45 нысаны пайдалануға берілді. Соның нәтижесінде 41 елді мекендегі 102 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Қалған 42 нысанның құрылысы биыл аяқталады.
Жүйелі атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бүгінде Түркістан облысындағы 801 елді мекеннің 606-сы табиғи газбен қамтылған. Бұл – өңірдегі 1 миллион 887 мыңнан астам тұрғын немесе халықтың 88 пайызының табиғи газ игілігін пайдаланып отырғанын көрсетеді.
Баяндама барысында облыс әкімі Созақ ауданын газдандыру жобасына ерекше тоқталды. Биыл алғаш рет Жамбыл облысынан жоғары қысымды газ құбыры тартылып, Созақ ауданы табиғи газға қосылды. Соның нәтижесінде аудан орталығы – Шолаққорған ауылындағы 16 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынға қол жеткізді. Сонымен қатар сағатына 30 мың текше метр газ тарататын «Созақ» автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылды. Аталған жоба ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, алдағы уақытта өзге елді мекендерді кезең-кезеңімен газдандыруға негіз қалайды.
Биыл өңірде 74 газдандыру нысанының құрылысына 13,7 млрд теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 33 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Нәтижесінде тағы 34 елді мекендегі 35 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылып, облыстың газдандыру деңгейі 90 пайызға жетеді. Осылайша 640 елді мекендегі шамамен 2 миллион тұрғын табиғи газдың игілігін көреді.
Сонымен қатар жалпы құны 23,6 млрд теңгені құрайтын қосымша 28 газдандыру жобасының жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, оларды қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлуге өтінім жолданды. Бұл жобалар қолдау тапқан жағдайда тағы 28 елді мекендегі 65 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізіп, облыстың газдандыру деңгейі 92 пайызға дейін өседі.
Қазіргі уақытта табиғи газ тартылмаған 161 елді мекеннің мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Экономикалық тұрғыдан тиімді 125 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Түркістан облысы бойынша табиғи газбен қамтамасыз етудің 2023–2028 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр.

