Түркістан облысында инженерлік инфрақұрылымды дамыту және елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Мемлекет басшысының халықтың тұрмыс сапасын арттыру, өңірлердің инфрақұрылымын жаңғырту және тұрғындарды сапалы коммуналдық қызметтермен қамту жөніндегі тапсырмалары аясында облыста газдандыру жобалары жүйелі түрде іске асырылуда. Нәтижесінде шалғай ауылдардың тұрғындары табиғи газдың игілігін көріп, әлеуметтік жағдайы мен өмір сүру деңгейі жақсарып келеді.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі Бәйдібек ауданында жүзеге асырылды. Алмалы ауылдық округіне қарасты Алмалы елді мекені табиғи газ желісіне қосылып, тұрғындар көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді. Бұл жоба ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп қана қоймай, экологиялық ахуалды жақсартуға, қатты отынға тәуелділікті азайтуға және тұрғындардың тұрмыстық шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.
Газдандыру жобасы аясында ұзындығы 9,02 шақырым болатын жаңа газ құбыры тартылып, қажетті инженерлік инфрақұрылым толықтай қалыптастырылды. Жобаны «KazBulidCo» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Нәтижесінде Бәйдібек ауданындағы 50 елді мекеннің 41-і, яғни 82 пайызы, табиғи газға қосылды. Ал көгілдір отынның игілігін көріп отырған тұрғындар саны 44 486 адамға жетіп, бұл аудан халқының 92,3 пайызын құрап отыр.
Газдандыру жұмыстары мұнымен шектелмейді. Қазіргі уақытта ауданның Қаратас, Тұрақты, Қошқарата, Кеңсай, Ақтас және Шұқыршақ елді мекендерінде табиғи газ желілерінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жобалар толық аяқталған жағдайда Бәйдібек ауданындағы барлық елді мекендерді табиғи газбен қамту көзделіп отыр. Осылайша ауданның газдандыру көрсеткіші 100 пайызға жетіп, өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жаңа кезеңге өтеді.
Табиғи газбен қамту – халықтың өмір сапасын арттырудағы маңызды әлеуметтік жобалардың бірі. Газдандыру тұрғындардың тұрмысын жеңілдетумен қатар, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және кәсіпкерлік нысандарының тұрақты жұмыс істеуіне қолайлы жағдай қалыптастырады. Сонымен бірге бұл бағыттағы жұмыстар ауылдық елді мекендердің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шағын және орта бизнестің дамуына, жаңа өндірістердің ашылуына және қосымша жұмыс орындарының құрылуына оң ықпал етеді.
Бүгінде Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді. Газдандыру, сумен жабдықтау, жол салу және әлеуметтік нысандардың құрылысы халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.

