Мемлекет басшысының өңірлердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі тапсырмалары аясында Түркістан облысында газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы жобалар тұрғындардың әл-ауқатын арттырумен қатар, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, тұрақты экономикалық дамуға негіз қалайды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірдегі газ саласын дамыту жұмыстарының барысы туралы баяндама жасап, жыл соңына дейін облысты газдандыру деңгейі халық саны бойынша 90 пайызға жететінін мәлімдеді.
Облыс әкімінің айтуынша, бүгінде Түркістан облысындағы 840 елді мекеннің 606-сы табиғи газбен қамтылған. Нәтижесінде өңір тұрғындарының 88 пайызы, яғни 1,9 миллионға жуық адам көгілдір отынның игілігін көріп отыр.
Өткен жылы газдандыруға бағытталған 87 нысанның құрылысына 20,7 млрд теңге бөлініп, оның нәтижесінде 41 елді мекендегі 102 мыңға жуық тұрғын табиғи газға қол жеткізді. Бұл жұмыстар өңірдегі инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға және ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға айтарлықтай ықпал етті.
Газдандыру жұмыстары биыл да қарқынды жалғасуда. 2026 жылы 74 нысанның құрылысына 13,7 млрд теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін олардың 33-ін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде тағы 34 елді мекендегі 35 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылады.
Осылайша, жыл қорытындысында Түркістан облысында 640 елді мекендегі 2 миллионға жуық тұрғын табиғи газдың игілігін пайдаланып, өңірді газдандыру деңгейі 90 пайызға жетеді. Қалған 41 нысанның құрылысы келесі жылы аяқталады.
Табиғи газбен қамту көрсеткішінің артуы өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіруге, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және жаңа өндірістер мен инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.

