Түркістан облысында білім беру мен денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында ауқымды шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров баяндап, өңірде жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалар мен олардың нәтижелеріне тоқталды. Мемлекет басшысы білім мен адами капиталды дамыту – экономикалық өсудің негізгі тірегі екенін ерекше атап, осы бағыттағы нақты шараларды қолға алуды тапсырған. Сол тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында облыста білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған «Келешек мектептері» жобасы белсенді жүргізілуде. Жоба аясында жалпы 23 мың орындық 29 мектеп салу жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 28 мектеп пайдалануға беріліп, қалған бір мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Жаңа мектептер қазіргі заманғы білім беру стандарттарына сай, оқушыларға ыңғайлы және қауіпсіз оқу ортасын қамтамасыз ететін заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Сонымен қатар, облыста жергілікті бюджет есебінен 17 мектеп салынып жатыр, оның 4-і биыл пайдалануға берілсе, қалғандары келесі жылға өтпелі. Сонымен бірге 41 мектепте реновация жұмыстары жүргізілуде, қазіргі уақытта 25 мектептің жөндеу жұмыстары толық аяқталды.
Білім саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі – Түркістан қаласында Оңтүстік Кореялық «Woosong University Kazakhstan» университетінің ашылуы. Университет IT мамандарын даярлауға бағытталған және 2 мың студент қабылдау мүмкіндігіне ие. Қала әкімдігі 100 грант бөлді, қазіргі таңда 108 студент білім алуда, сонымен қатар Оңтүстік Кореядан келген 70 студент тәжірибе алмасу мақсатында оқу процесіне қатысып отыр. Мұндай бастамалар жасанды интеллект пен IT технологияларды білім беру жүйесіне интеграциялауға мүмкіндік беріп, оқушылар мен студенттердің заманауи дағдыларын дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, Президенттің тапсырмасына сәйкес 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланып, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі түбегейлі жаңғыртылуда. Облыста 50 колледжде 46 мыңнан астам студент 84 мамандық бойынша білім алуда. Биыл колледжді бітірген 14 806 түлектің 79 пайызы жұмыспен қамтылып, олардың 5 мыңы – жұмысшы мамандық иелері. Жаңа оқу жылына жұмысшы мамандықтарға 9 мыңға жуық грант бөлінген.
Денсаулық сақтау саласында да өңірде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша 219 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетеді, соның ішінде ауылдық жердегі нысандарды жаңғыртуға ерекше мән берілуде. Биыл жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың құрылыс жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар, үш аудандық орталық аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды, бұл – жедел жәрдем қызметінің жылдам әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етеді. Медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтау деңгейі 84,7 пайызға жетіп, өңір тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету мүмкіндігі артты.
