Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында балық шаруашылығын дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, саланы жаңа деңгейге көтеру міндетін жүктеген болатын. Осы тапсырмаға сәйкес елімізде балық шаруашылығын дамытудың 2021–2030 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданып, республика бойынша 270 мың тонна тауарлық балық өсіру межесі бекітілді.
Аталған стратегиялық міндеттер Түркістан облысында облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес жүйелі әрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Үкімет бекіткен қаулыға сай, алдағы 10 жыл ішінде өңірде тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу көзделсе, 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті 9 123 тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл жоспарлар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыруға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.
Балық шаруашылығын дамытуда мемлекеттік қолдау тетіктері маңызды рөл атқаруда. Атап айтқанда, 2026 жылға облыстық бюджеттен акваөсіру саласын субсидиялауға 500 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен аквашаруашылық саласындағы инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеу үшін 144 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржылай қолдау шаралары салаға инвестиция тартуға, кәсіпкерлердің өндірістік жүктемесін азайтуға және заманауи технологияларды енгізуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді іске асыру мақсатында басқарма тарапынан Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен қағидаларға сәйкес жұмысшы топ құрылды. Оның құрамына басқарма мамандарымен қатар балық шаруашылығы инспекциясы мен ветеринария саласының өкілдері енгізілген. Жұмысшы топтың басты мақсаты – кәсіпкерлерге субсидиялау шарттарын, өтінім беру тәртібін және инвестициялық шығындарды өтеу талаптарын жан-жақты түсіндіру.
Кездесулер барысында құжаттар топтамасы, өтінім беру кезеңдері, қаржылай қолдау алу шарттары кеңінен талқыланып, кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға нақты әрі практикалық жауаптар берілді.
Қазіргі таңда Түркістан облысында аквакультура саласында 200-ге жуық кәсіпкерлік субъект қызмет атқаруда. Сонымен қатар өңірде жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген, оның 74-і конкурстық негізде пайдалануға берілген, ал 30 су айдыны резервте тұр. Бұл көрсеткіштер облыста балық шаруашылығын одан әрі дамытуға мүмкіндік пен әлеуеттің жоғары екенін айғақтайды.
Жалпы алғанда, Түркістан облысында балық шаруашылығын дамыту мемлекеттік саясатпен ұштасқан, нақты жоспарлар мен қаржылай қолдауға негізделген басым бағыттардың бірі болып қала береді.

