Түркістан облысы тағы бір ірі инвестициялық жобамен толықты. Түлкібас ауданының Күмісбастау ауылында әлемге әйгілі RC Cola брендімен жұмыс істейтін «Beibars Bottlers» компаниясының заманауи сусын өндіру зауыты ашылды. Бұл жоба — өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашқан маңызды қадам.
Жаңа кәсіпорын ауыз су мен алкогольсіз сусындар өндіруге маманданған. Зауыттың басты ерекшелігі – неміс және италиялық жоғары технологияларға негізделген өндіріс желілері мен экологиялық таза, көпсатылы су тазарту жүйесі. Өндірісте пайдаланылатын су 170 метр тереңдіктегі ұңғымалардан алынып, халықаралық стандарттарға сай сүзгіден өтеді. Судың сапасы АҚШ пен Италияның жетекші зертханаларында сынақтан өткізіліп, қауіпсіздігі мен тазалығы дәлелденген.
Жобаның жалпы инвестициялық көлемі – 9 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 120 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Өнім түрлері — RC Cola брендімен шығатын газдалған сусындар, ауыз су және өзге де алкогольсіз сусындар. Алдағы уақытта зауыт өнімдері тек Қазақстан нарығына ғана емес, көрші елдерге де экспортталмақ.
Ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «RC Cola International» компаниясының бас менеджері Фрэнсис Лампера, «Freedom Bank» басқарма төрағасы Гүлфайруз Ахметова және жобаның идея авторы, инвестор Амангелді Нұров қатысты.
Облыс әкімі өз сөзінде кәсіпкерлікті қолдау мен өңірдің индустриялық дамуына бағытталған мемлекеттік саясатқа тоқталды:
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бизнеске жан-жақты қолдау көрсетіп, шетелдік және отандық инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауды басты міндет ретінде атап өтті. Бұл зауыт – сол тапсырмалардың нақты жүзеге асуының айқын дәлелі. Ендігі мақсат – сапалы өнім шығарып, оны ішкі және сыртқы нарықта таныту. Мұндай жобалар өңірдің дамуына, тұрғындардың әл-ауқатына оң әсер етеді, – деді өңір басшысы.
Зауыттың құрылысы мен іске қосылуына мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетілген. ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес, инфрақұрылымды жеткізуге 705 млн теңге бөлініп, 6,1 шақырымдық 35 кВ электр желісі мен қосалқы станция салынды. Сондай-ақ, 25 млн теңгеге табиғи газ құбыры, 240 млн теңгеге кәріз жүйесі мен тазарту қондырғылары орнатылған.
Кәсіпорын бүгінде 100 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп, ауыл экономикасының жандануына зор үлес қосып отыр. Зауыттың жалпы аумағы 5 565 шаршы метрді құрайды.
