Түркістан облысы соңғы жылдары ауыл шаруашылығы саласында қарқынды даму жолына түсті. Мемлекеттік қолдау мен заманауи технологияларды енгізудің нәтижесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа деңгейге көтеріліп, қазақстандық өнімнің сапасы мен экспорттық әлеуеті артып келеді. Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектар жерге егілді. Бұл — соңғы үш жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Егіс көлемінің артуына заманауи тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын енгізу айтарлықтай ықпал етті. Соның нәтижесінде облыстағы егістік жерлердің көлемі 43,4 мың гектарға ұлғайған.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте ауыл шаруашылығын цифрландыру, су үнемдеу және өнімділікті арттыру бағытындағы нақты міндеттер айқындалды.
– Цифрлық әдістерді қолдана отырып, егіс және суару жүйесін кешенді түрде басқару қажет. Аграрлық секторды жаңа деңгейге шығару – облыстың басты міндеті. Бұл бағыттағы жұмыстар нақты жоспармен жүруі тиіс, – деді облыс әкімі. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, дәнді дақылдар – 342 мың гектарға, майлы дақылдар – 73 мың гектарға, көкөніс және картоп – 55,9 мың гектарға, бақша дақылдары – 62 мың гектарға, мал азықтық дақылдар – 229,9 мың гектарға, ал мақта – 144,5 мың гектарға егілген. Бұл – облыс экономикасы үшін маңызды көрсеткіш, себебі ауыл шаруашылығы аймақтың негізгі тірегі болып саналады. Мемлекет тарапынан агросекторға берілетін қолдау да күшейіп келеді. Биыл дала жұмыстарына 93,3 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Сонымен қатар, 781 мың гектар жерге 227,1 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізіліп, жоспар 120 пайызға орындалған. Бұл – соңғы үш жылда тыңайтқыш қолдану көлемінің екі есеге өскенін көрсетеді. Қаржыландыру жүйесі де жетілдіріліп отыр. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Оңтүстік» АИО және «Ырыс» микрокредиттік ұйымы арқылы биыл 2 329 жобаға 26,4 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе көп. Қаржының басым бөлігі ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға және жаңа өндіріс орындарын ашуға бағытталған. Қазіргі таңда өңірде 25 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы бар болса, оның 1 531 бірлігі жаңадан сатып алынған. Техника паркін жаңарту 8,8 пайызды құрап, жыл соңына дейін 10 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелері де айқын: биылғы маусымда 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 млн тонна көкөніс пен картоп, 1,7 млн тонна бақша өнімі және 428 мың тонна мақта жиналды. Әсіресе, мақта өнімі 1,4 есе, күріш өнімі 2,3 есе артқан. Су ресурстарын тиімді пайдалану да өңір экономикасына серпін берді. 2025 жылы 59 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жоспар екі еседен астам орындалған. Оның ішінде 54,6 мың гектарға тамшылатып, 4,4 мың гектарға жаңбырлатып суару әдісі қолданылған. Бұл технологиялар нақты нәтижесін беруде: дәстүрлі егісте гектарына 5,2 мың м³ су пайдаланылса, жаңа тәсілмен бұл көрсеткіш 2,6 мың м³-ке дейін азайды. Мақта мен күріш дақылдарының өнімділігі 2 есеге дейін өскен. Мәселен, күріш алғаш рет тамшылатып суару әдісімен егілгенде гектарына 4-5 тонна өнім алынған, бұл – бұрынғы көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.
