Түркістан облысында шетелдік инвестиция тарту және халықаралық экономикалық әріптестікті дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы орайда Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Салли Аксуорси өңірге жұмыс сапарымен келді. Мәртебелі мейманмен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында облыс әкімі Түркістан өңірінің инвестициялық және туристік әлеуетін таныстырып, Ұлыбританияның Қазақстан үшін стратегиялық серіктес елдердің бірі екенін атап өтті. Индустрия, энергетика, қаржы, білім беру, жасыл технологиялар мен инновациялар салаларындағы өзара тиімді әріптестік екі ел арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға негіз болып отыр. Атап айтқанда, Ұлыбританиялық «Shell» компаниясының Қазақстандағы ірі мұнай-газ жобаларына қатысуы екіжақты ынтымақтастықтың нақты көрінісі ретінде бағаланды.
Нұралхан Көшеров өз сөзінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы тауар айналымы 886 миллион АҚШ долларына жеткенін атап өтіп, бұл көрсеткіштердің жыл сайын өсіп келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ Түркістан облысының табиғи-климаттық жағдайының қолайлылығы, ауыл шаруашылығын жыл бойы дамыту мүмкіндігі, өңірдің жоғары кадрлық әлеуеті мен еңбек ресурстарының жеткіліктілігі инвесторлар үшін маңызды артықшылықтар ретінде көрсетілді.
Облыс аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі өңірдің логистикалық мүмкіндіктерін арттырып, әлемдік нарыққа шығуға қолайлы жағдай жасайды. Бүгінде Түркістан облысындағы негізгі инвестициялық алаңдар – индустриалды аймақтар мен «Turan» арнайы экономикалық аймағы шетелдік инвесторларды тартуда маңызды рөл атқарып отыр.
Өңір басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, экспорттық әлеуетті кеңейту және жоғары қосылған құны бар өнімдер өндіру индустриясын дамыту облыстың басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Осы бағыттар бойынша Ұлыбританиялық инвесторларды бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырып, облыс әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сонымен қатар туризм саласындағы әріптестікті дамыту, инфотурлар ұйымдастыру ұсынылды.
Кездесу барысында Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксуорси қазақ тілінде пікір білдіріп, Түркістан қаласының тарихи және туристік әлеуетіне жоғары баға берді. Елші сауда-экономикалық байланыстарды жандандыру, тауар айналымын арттыру және инвесторларға ұсынылатын мүмкіндіктерді Ұлыбританиядағы тиісті құрылымдарға жеткізуге дайын екенін айтты. Сондай-ақ Ұлыбританияда жұмыс істейтін қазақстандық азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де назарда болатынын жеткізді.
Жалпы, бұл кездесу Түркістан облысының халықаралық инвестициялық беделін арттырып, Ұлыбританиямен экономикалық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам болды.
