2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша Түркістан облысы елімізде экономикалық өсім қарқыны жағынан республика бойынша бірінші орынға шықты. Arysinfo.kz мәліметінше, өңірдің жалпы экономикалық өсімі 120,4%-ды құрап, бұл көрсеткіш Түркістанның экономикалық әлеуетінің жоғары деңгейін айғақтап отыр. Мұндай нәтижеге жету тау-кен, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда салаларындағы тұрақты өсімнің арқасында мүмкін болды. Өнеркәсіп көлемі – 593 млрд теңге (+14,8%), ауыл шаруашылығы – 194,3 млрд теңге (+6,3%), құрылыс жұмыстары – 117,4 млрд теңге, сауда айналымы – 269,7 млрд теңге, тұрғын үй құрылысы – 306,1 мың шаршы метр, көлік және логистика саласы – 209,3 млрд теңге, байланыс қызметі – 4,9 млрд теңге. Бұл көрсеткіштер Түркістан облысының өндірістік және инфрақұрылымдық әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын дәлелдейді.
Облыс орталығы – Түркістан қаласында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Қала жаңа заман талабына сай заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, тұрғындардың өмір сүру сапасы айтарлықтай жақсаруда. Жыл басынан бері қалада 159 көшеде жол жөндеу жұмыстары жоспарланып, оның 41-і толық аяқталды. Кәріз жүйесімен қамтылу деңгейі – 36,5%, ауыз су – 100%, табиғи газ – 98% деңгейінде. Бұл көрсеткіштер Түркістанның заманауи, жайлы және экологиялық қауіпсіз қала ретінде дамып келе жатқанын көрсетеді.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Түркістан қаласының жалпы өңірлік өнімі 159,5 млрд теңгеге жеткен. Сонымен қатар өнеркәсіп көлемі – 40 млрд теңге, құрылыс көлемі – 299,3 млрд теңге, инвестиция тарту көлемі – 490 млрд теңге. Бұл өңірдің инвестициялық тартымдылығының жоғары екенін дәлелдейтін маңызды көрсеткіш. Қазіргі таңда Түркістанда 9 жоба арнайы экономикалық аймақ (АЭА) аумағында және 23 жоба индустриялық аймақтарда жүзеге асырылуда. Аталған жобалар жаңа өндіріс орындарын ашуға, жұмыссыздықты азайтуға және жергілікті бюджеттің кірісін арттыруға бағытталған.
Экономикалық өсіммен қатар, әлеуметтік инфрақұрылым да дамып келеді. Жыл соңына дейін қалада 12 жаңа мектеп, емхана және оңалту орталығы пайдалануға берілмек. Бұл өңір тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы білім мен медициналық қызмет көрсетуге бағытталған маңызды қадам.
Түркістан облысының 2025 жылдың алғашқы айларындағы нәтижелері өңірдің экономикалық саясатының тиімділігін, кәсіпкерлік пен инвестициялық белсенділіктің артып келе жатқанын көрсетеді. Бүгінгі Түркістан – экономикасы тұрақты, инфрақұрылымы дамыған, халқы үшін қолайлы өмір сүру ортасы бар заманауи аймақ. Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан бағдарламалар өңірдің одан әрі өркендеуіне, Түркістанның Орталық Азиядағы ірі экономикалық, мәдени және туристік орталық ретінде орнығуына мүмкіндік береді.
