Түркістан облысының Сайрам ауданында елді мекендердің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте жаңақұрылыс аумақтарын инженерлік желілермен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше басымдық беріліп отыр.
Аудан аумағындағы Қайнарбұлақ ауылдық округіне қарасты Әсіларық елді мекенінің жаңақұрылыс аумағын табиғи газ және электр энергиясымен қамту бағытында ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда инфрақұрылымдық желілерді тарту жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталу сатысында тұр.
Жоба аясында ұзындығы 11 037 метр газ құбыры тартылып, елді мекенді толық газдандыруға негіз қаланған. Сонымен қатар электрмен жабдықтау жүйесін жаңарту мақсатында 320 дана электр бағанасы орнатылып, жалпы ұзындығы 4 шақырым электр желісі жүргізілді. Қосымша 3 шақырым кабель тарту жұмыстары да жоспарға сәйкес атқарылып, нәтижесінде электр желілерінің жалпы ұзындығы 7 шақырымды құрайтын болады.
Аталған жұмыстар елді мекеннің инженерлік инфрақұрылымын толық қалыптастыруға және тұрғын үйлерді тұрақты энергия көздерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жаңа тұрғын аудандардың қарқынды дамуына және өңірдің урбанистикалық келбетінің жаңаруына ықпал етеді.
Жоба белгіленген жоспарға сәйкес биылғы маусым айына дейін толық аяқтау көзделіп отыр. Сонымен бірге магистралды газ құбырынан әрбір тұрғын үйге дейінгі ішкі желілерді тарту жұмыстары тұрғындардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылатыны ескерілуде.
Жалпы алғанда, Сайрам ауданында жаңақұрылыс аумақтарын кезең-кезеңімен инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға және заманауи елді мекендердің қалыптасуына серпін беріп отыр.
