Түркістан облысы денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша кешенді және жүйелі шараларды жүзеге асыруда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте медицина саласының негізгі көрсеткіштері, өзекті мәселелері мен алдағы жоспарлар жан-жақты қаралды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев саланың 10 айдағы қорытындыларымен бөлісіп, оң динамиканы көрсететін нақты деректерді ұсынды.
2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыста негізгі медико-демографиялық көрсеткіштер тұрақты түрде сақталған. Ана өлімі 63,3%-ға, нәресте өлімі 21,6%-ға, ал бала өлімі 14,1%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіштер перинаталдық орталықтардың материалдық-техникалық базасының жаңаруы, алғашқы медициналық көмек жүйесінің күшеюі және тәуекел топтарына бақылаудың тиімді жүргізілуінің нәтижесі болып отыр. Атаулы жобалар қатарында «Даму және ерте араласу» орталықтары мен Облыстық балалар ауруханасында ашылған офтальмологиялық орталық ерекше орын алады.
Ауылдық жерлерде жүкті әйелдер мен жаңа туған балаларға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін «Салауатты ана» пансионаттары ашылып, 100-ден астам әйелге қолдау көрсетілген. Сонымен қатар облыс көлемінде күрделі жағдайларды дер кезінде анықтау мақсатында виртуалды қарап шығу жүйесі енгізілген. Генетикалық зерттеулерді жетілдіру үшін бес бірлік эксперттік УДЗ аппараты сатып алынған, ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 207 бала дүниеге келді, олардың 18-еуі егіздер.
Медицина инфрақұрылымын жаңарту аясында 2025 жылы 34 медициналық нысан дайын ғимараттарды сатып алу арқылы пайдалануға берілетін болса, 6 нысанда күрделі жөндеу жүргізілуде. Кентау қалалық ауруханасында жөндеу жұмыстары желтоқсанда аяқталады, Қазығұрт және Шардарадағы ауылдық ауруханалар толығымен жаңартылды. Түркістан қаласында салынып жатқан көпбейінді аурухана да ерекше назарда.
Ауылдық жерлердегі ауруханалар заманауи техникалармен жабдықталып, онкологиялық қызметті жетілдіру үшін 11 түрлі диагностикалық құрал-жабдық жеткізілді. Радиологиялық зерттеулерді орталықтандыруға арналған PACS жүйесі енгізіліп, жасанды интеллект арқылы рак ауруларын ерте анықтау мүмкіндігі артты. Түркістан қалалық емханасында енгізілген «дауыстық робот» дәрігер қабылдауына шақыруды автоматтандырып, 74 мыңнан астам азаматқа хабарласқан, олардың 36 мыңнан астамы тексеруден өтуге келісім берген.
2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласына жалпы 40,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға, заманауи инфрақұрылымды дамытуға және халыққа қолжетімді медициналық көмек ұсынуға бағытталған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін басты назарға ала отырып, барлық іс-шаралардың жүйелі түрде жүзеге асырылуын тапсырды:
«Біз үшін ең бастысы – тұрғындарға сапалы, қолжетімді және заманауи медициналық қызмет көрсету. Медицина саласын дамыту бойынша берілген тапсырмалар нақты және жүйелі түрде орындалуы керек. Жоғары технологиялық жабдықтар енгізу, кадрларды тарту және сапалы дәрігерлік көрсету арқылы тұрғындарға сенімді әрі тиімді қызмет ұсына аламыз».
Жалпы, Түркістан облысының денсаулық сақтау саласындағы кешенді дамуы – өңірдің экономикалық дамуына тікелей серпін беріп, халықтың өмір сапасын арттыруға, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңартуға және инвестициялық тартымдылығын күшейтуге бағытталған стратегиялық қадам болып отыр.
