Түркістан облысында соңғы жылдары өңір экономикасын дамыту мен тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе көлік және жол инфрақұрылымын жаңғырту – экономикалық өсімнің маңызды тетігі болып отыр.Мемлекет тарапынан бөлінген қаржы есебінен облыс аумағында жолдарды қайта құру, күрделі және орташа жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Бұл бастамалар ауыл мен қаланы, өндіріс ошақтары мен сауда бағыттарын байланыстырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Алайда кей жағдайда ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артып қозғалуы жаңадан салынған жолдардың мерзімінен бұрын тозуына әкеліп, экономикалық шығындарға себеп болуда. Осы мәселенің алдын алу үшін облыс аумағында 7 автоматтандырылған өлшеу бекетін орнату жоспарланған. Қазіргі таңда олардың екеуі — Арыс – Темірлан және Арыс – Қабылсай бағыттарында іске қосылып, жұмысын бастады. Бұл заманауи бекеттер жүк көліктерінің салмағын автоматты түрде өлшеп, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қамтамасыз етеді. Нәтижесінде жол сапасының сақталуы мен бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда орнатылған екі бекет арқылы 1820 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. Ауыр жүк көліктеріне қатысты жүргізушілер тарапынан туындаған наразылықтарды зерделеу үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Арыс қаласына арнайы іссапармен барып, жағдайды бақылауға алды. Тиісті мекемелермен бірлесіп зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қараша айының соңында зертханалық сараптама нәтижелері жарияланбақ. Түркістан облысында жол инфрақұрылымын жетілдіру, көлік қатынасын жақсарту және жол сапасын сақтау — өңір экономикасын тұрақты дамытуға бағытталған стратегиялық міндеттердің бірі. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, облыстың экономикалық әлеуетін арттыруға айқын үлес қоспақ.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
