ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖЕТІСАЙДА КӨГАЛДАНДЫРУҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ЖҮЙЕЛІ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСУДА

Түркістан облысында өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту, елді мекендердің жасыл желек қорын ұлғайту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның айқын мысалы – Жетісай ауданында 1 гектар аумақта арнайы тұқымбақтың ұйымдастырылуы. Бұл бастама облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес қолға алынып, өңірдің тұрақты дамуына бағытталған маңызды экологиялық жоба ретінде бағаланып отыр.

Аталған тұқымбақ «Жетісай қызмет» мекемесінің теңгерімінде орналасқан. Бүгінде мұнда көшеттерді егу, оларды күтіп-баптау жұмыстары мекеме қызметкерлерінің өз күшімен атқарылуда. Жоба жергілікті деңгейде экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, ауданның көгалдандыру жұмыстарын сыртқы көздерге тәуелді етпей, өз ресурсы есебінен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда тұқымбақта емен, айлант, үйеңкі, катальпа, акация, көк терек, ақ терек, мырза терек, ива, келінтал, жиде секілді ағаш және сәндік өсімдіктердің 65 мыңға жуық көшеті дән және қаламша әдісімен отырғызылған. Көшеттердің жерсінуі мен сапалы өсуі үшін суару, күтім және агротехникалық шараларға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл – болашақта ұзақ мерзімге төзімді әрі сапалы жасыл желек қалыптастырудың негізгі кепілі.

Тұқымбақтың жұмысымен арнайы танысқан Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, көшеттердің сапасын арттыру, оларды сақтау және тиімді пайдалану мәселелерінің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, бұл бастаманың ауданның экологиялық жағдайын жақсартуда, шаң-тозаңды азайтуда және қолайлы микроклимат қалыптастыруда рөлі зор екенін жеткізді.

Алдағы уақытта тұқымбақта өсірілген көшеттер Жетісай ауданының көшелеріне, әлеуметтік нысандардың аумақтарына, саябақтар мен қоғамдық орындарға отырғызылатын болады. Бұл жұмыстар ауданның сәулеттік келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындар үшін экологиялық тұрғыда қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Жалпы алғанда, Жетісай ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба Түркістан облысының «жасыл өңір» қағидатын кезең-кезеңімен іске асырудың нақты көрінісі. Экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, жасыл желек көлемін арттыру және табиғатқа ұқыпты көзқарас қалыптастыру – облыстың ұзақ мерзімді даму стратегиясындағы басты басымдықтардың бірі болып қала бермек.