2018 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Түркістан облысын құру туралы тарихи Жарлыққа қол қойып, Түркістан қаласын облыс орталығы етіп бекітті. Осы сәттен бастап өңір жаңа даму кезеңіне қадам басты. Биыл Түркістан облысының құрылғанына жеті жыл толып отыр. Қысқа мерзім ішінде ауқымды жобалар жүзеге асып, қасиетті қала түркі әлемінің мәдени және туристік астанасына айналды.
Жалпы өңірлік өнім көлемі 7 жылда 2,6 есеге өсіп, 4,5 трлн теңгеге жетті (2018 жылы – 1,7 трлн теңге). Өнеркәсіп өнім көлемі де 2,7 есеге артып, 1 214 млрд теңгені құрады. Бұл — өңір экономикасының айтарлықтай ілгерілегенін көрсетеді.
Бүгінде Түркістан облысында инфрақұрылыммен толық қамтылған 19 индустриалды аймақ пен арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аумақтарда 52 кәсіпорын белсенді жұмыс істейді. Сонымен қатар 195,4 млрд теңгеге 57 жаңа жобаның құрылысы жүріп жатыр. Облыста алғаш рет 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» іске қосылды.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі соңғы жеті жылда екі есеге артып, алғаш рет 1 трлн теңгеден асты. Түркістан облысы бұл көрсеткіш бойынша республикада көш бастап тұр. Агроөнеркәсіп кешеніне тартылған инвестиция көлемі 700 млрд теңгеден асты.
Соңғы жеті жылда өңір экономикасына тартылған инвестиция көлемі 4,2 есеге ұлғайып, 1 335 млрд теңгеге жетті (2018 ж. – 314,1 млрд теңге). Тікелей шетелдік инвестиция көлемі 1 млрд 144,2 млн АҚШ долларын құрап, жоспар 245%-ға артығымен орындалды.
Туризм саласына 442,6 млрд теңге инвестиция тартылып, 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Түркістан қаласында 100 мың адамға арналған заманауи инфрақұрылым қалыптасты. Тұрғын үйлер, әлеуметтік және мәдени нысандар, спорт кешендері бой көтерді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған арнайы заң Түркістанға ерекше мәртебе беріп, оның аймақтық дамудың жаңа үлгісіне айналуына жол ашты. Қазір облыс пен қалада халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда. Түркістан – бүгінде жаңғыру мен өркендеудің символы.
