ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ӨСІМ БОЙЫНША КӨШ БАСТАДЫ

Қазақстандағы демографиялық ахуал елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі болып қала береді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2025 жылы елде 335 мың сәби дүниеге келген. Бұл – халық санының табиғи өсімі сақталып отырғанын білдіретін маңызды көрсеткіш. Осы ретте Түркістан облысы республика бойынша туу көрсеткіші ең жоғары өңір ретінде алға шықты. Аймақта әрбір мың тұрғынға шаққанда 22,22 сәби дүниеге келген. Жалпы алғанда, бір жылдың ішінде өңірде 45 мыңнан астам бала өмір есігін ашқан. Бұл – тек демографиялық емес, әлеуметтік және экономикалық тұрақтылықтың да айқын көрінісі. Демографиялық өсімнің жоғары болуы өңірдегі отбасылық құндылықтардың берік сақталғанын, халықтың болашаққа деген сенімінің нығайғанын аңғартады. Сонымен қатар, бұл көрсеткіштер мемлекеттік әлеуметтік саясаттың, ана мен балаға көрсетіліп жатқан қолдаудың тиімділігін дәлелдейді. Статистикаға сәйкес, бала туу көрсеткішінің негізгі үлесі 25–29 жас аралығындағы әйелдерге (27%) және 30–34 жас аралығындағы әйелдерге (26,1%) тиесілі. Бұл – еңбекке қабілетті, әлеуметтік тұрғыдан белсенді жастағы азаматтардың отбасын құрып, ұрпақ өсіруге деген жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді. Айта кету керек, өткен жылы туған балалардың 24%-ы – отбасындағы тұңғыш сәбилер. Ал 16%-ы төртінші болып дүниеге келген. Бұл деректер көпбалалы отбасылар үлесінің де айтарлықтай екенін көрсетеді. Мұндай үрдіс өңірдегі демографиялық өсімнің ұзақ мерзімді тұрақтылығына негіз қалайды. Жалпы алғанда, Түркістан облысы демографиялық өсім бойынша көш бастап қана қоймай, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отыр. Халық санының артуы – еңбек ресурстарының кеңеюіне, ішкі сұраныстың өсуіне және өңірдің инвестициялық тартымдылығының артуына ықпал ететін маңызды фактор. Осылайша, өңірдегі оң демографиялық динамика – Түркістан облысының тұрақты дамуының, халық әл-ауқатының жақсарып келе жатқанының және болашаққа деген сенімнің нақты көрсеткіші.