Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Осыған орай Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары өңірге іс-сапармен келіп, «SPK Turkistan» өндірістік парк пен «Түркістан» индустриалды аймағындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сапар барысында сенаторлар көкөніс сақтау қоймалары мен «BNK GROUP» ЖШС-нің жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесінің өндірісі, сондай-ақ «Тұран Су» МКК-нің тамшылатып суғару жүйесінің өндірісін көріп, тәжірибелік талдау жүргізді.
Сонымен қатар Түркістан қаласында Достық үйінде комитеттің көшпелі отырысы өтті. Жиынға Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Ербол Тасжүреков, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев, сондай-ақ облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев қатысты. Кездесу барысында агроөнеркәсіптік жобаларды әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.
ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Ербол Тасжүреков 2026 жылы Түркістан облысында жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» ЖШС өндірістік кешенін іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті. Жобаның іске асырылуы нәтижесінде 500 жаңа жұмыс орны құрылып, өңірде крахмал өнімдерінің өндірісі елеулі көлемге жетеді.
Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың сөзінше, Түркістан облысы еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша маңызды орын алады. 2025 жылғы есеп бойынша, өңір елдегі жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің 13%-ын өндіреді. Биыл 10 айда 1 трлн 86 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға орналастырылған, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға артық. Егіс құрылымында дәнді дақылдар 342 мың гектарға, майлы дақылдар 73 мың гектарға, мақта 144,5 мың гектарға артты.
«Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені республикада ерекше орынға ие. Өндірілген мақтаның 100%, жүзімнің 82%, бақшаның 75%, жеміс-жидектің 40%, көкөністің 30%, жүгерінің 27% өңірдің үлесінде. Мал шаруашылығы бойынша өндірілген еттің 12%, сүттің 13% Түркістан облысына тиесілі. Бұл облыстың ауыл шаруашылығымен қатар, қайта өңдеу және тоқыма өнеркәсібі үшін де маңызды шикізат базасы ретінде қалыптасып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жоғарғы әлеуетін көрсетеді», – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Ағымдағы жылы облыста су үнемдеу технологиялары 59 мың гектар алқапқа енгізілген, ал 2026 жылы жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты құрайтын 2 жаңа кәсіпорын іске қосылады. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын шикізат өндіруден дайын өнім шығару деңгейіне көтеру мақсатында облыста үш кластерлік жобаны жүзеге асыру жұмыстары басталған. Мақта-тоқыма кластері аясында 5 жоба іске асырылады, олардың өңдеу қуаттылығы жылына 193,3 мың тонна өнімді құрайды және 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар экспортқа тәуелділікті азайтып, өңірдегі агроөнеркәсіптің толық цикліне негізделген экономикалық өсімді қамтамасыз етеді.
