Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді кеңейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында облыс әкімі Нұралхан Көшеров баяндады. Оның айтуынша, өңірдің агроөнеркәсіптік саласында 2025-2027 жылдарға арналған инвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітілген. Жол картасы аясында жалпы құны 295,5 млрд. теңгеге 78 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған, оның ішінде биыл 31 жоба іске асырылуы көзделген. Бүгінгі күнге дейін 60,8 млрд. теңгеге 27 жоба жүзеге асырылып, 1 030 жаңа жұмыс орны құрылған.
– Түркістан – ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Біз өнімді тек шикізат күйінде сатумен шектелмей, ауыл шаруашылығы саласында терең өңдеуге басымдық беріп отырмыз. Заманауи технологиялар енгізіліп, экономикалық өсім қамтамасыз етілді. Биылғы 10 айда ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 155,6 млрд. теңге инвестиция тартылып, 1,1 есе ұлғайды. Сонымен қатар, тамақ өндірісінің негізгі капиталына 31,5 млрд. теңге инвестиция құйылды, бұл көрсеткіш 1,3 есе артты, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыста ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 355,5 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,1 есеге өскен. Жалпы өнім көлемі 182,5 млрд. теңгеге ұлғайып, 1 трлн. 86,9 млрд. теңгеден асты. Осы көрсеткіш бойынша өңір республикада бірінші орында тұр. Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға егілді, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34 мың гектарға артты. Дала жұмыстары жанар-жағар май, кредиттік ресурстар, минералды тыңайтқыштар мен тұқым бөлу шаралары мерзімінде жүргізілді. Нәтижесінде 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 миллион тонна көкөніс пен картоп, 1,7 миллион тонна бақша өнімі, 5 миллион тонна малазықтық дақыл және 428 мың тонна мақта жиналды.
Сонымен қатар, облыста өнеркәсіптік жылыжайларды дамыту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл жылыжайлардың жалпы көлемі 75 гектарға ұлғайып, 1 715 гектарға жетті, бұл республикадағы үлесін 76 пайызға жеткізді. Жылыжайлардың бірінші айналымынан 102 мың тонна көкөніс жиналды. Келесі жылы жылыжай көлемін қосымша 62 гектарға ұлғайтып, үлесін 80 пайызға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, Келес ауданында 500 гектар аумаққа «Ecoculture Eurasia» ірі жылыжай кешені салынып жатыр. Бұл жоба жыл бойына 240 мың тоннадан астам көкөніс өсіруге мүмкіндік береді және 7 мың жаңа жұмыс орнын құруға бағытталған. Биыл жобаның бірінші кезеңі іске қосылады.
Осылайша, Түркістан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге көшу жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Жобалардың нәтижесінде өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, экспорт көлемі өсіп, ауыл шаруашылығының өнімділігі арттырылып, заманауи технологиялар енгізілу арқылы экономикалық өсім қамтамасыз етіліп отыр.
