ТҮРКІСТАН: МҮГЕДЕКТІГІ БАР АЗАМАТТАРДЫ ҚОЛДАУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ ЖЕТІЛДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Түркістан облысында мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен мәжіліс өтіп, мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік қорғалуы, қолжетімділік және өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.

Жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы баяндама жасап, басқармаға қарасты 12 коммуналдық мемлекеттік мекеме мүгедектігі бар азаматтарға әртүрлі әлеуметтік қызметтер көрсетіп отырғанын жеткізді.

Қазіргі таңда республика бойынша 737,4 мың мүгедектігі бар адам тіркелсе, оның 102 401-і Түркістан облысында есепте тұр. Бұл облыс халқының 4,6%-ын құрап, республикадағы мүгедектігі бар адамдардың 14%-ын қамтиды.

Мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында биыл Түркістан облысында жалпы көлемі 19,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар азаматтарды оңалту бағдарламасы аясында көрсетілетін қызметтерді қаржыландыру үшін 2026–2028 жылдарға жалпы 44,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржы келесі жылдан бастап аудандық және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің балансына беріледі. Бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді пайдалануын қамтамасыз ету үшін арнайы мониторинг жүргізу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқармалар мен мекеме басшыларына әлеуметтік қолдауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар беріп, көмекке мұқтаж азаматтарды жанашырлықпен қолдау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, қолжетімділікті қамтамасыз ету және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жүйелі жүргізу мәселесі өзекті екенін айтты.

Бұл бағыттағы шаралар Түркістан облысының әлеуметтік саясатындағы басым міндеттердің бірі болып табылады. Мүгедектігі бар азаматтарды қолдау, оларға сапалы және толыққанды қызмет көрсету өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын арттыруға, қоғамдағы тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге және азаматтардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.