ТҮРКІСТАН: КЕНТАУДА ГАЗ ҚАЗАНДЫҚТАРЫН ШЫҒАРАТЫН ЖАҢА ӨНДІРІС ОРНЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттыру және өндірістік секторды дамыту бағытында жаңа кәсіпорындар іске қосылуда. Соның ішінде Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын шығаратын өндіріс орны өз жұмысын бастады. Бұл жоба өңірдің өндірістік қуатын арттыруға, инвестициялық тартымдылығын күшейтуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.

Жобаны жүзеге асыруға «TURAN Shenhua» ЖШС 2,4 млрд. теңге инвестиция салды. Кәсіпорынның жалпы ауданы 2 500 шаршы метрді құрайды, жылына 30 мың дана газ қазандықтарын шығару мүмкіндігі бар. Өнімдер нарықта үлкен сұранысқа ие және жергілікті экономиканың дамуына серпін береді. Жаңа өндіріс орны қалада 40 адамға тұрақты жұмыспен қамту мүмкіндігін беріп отыр.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков зауыттың іске қосылу рәсіміне қатысып, жобаның табысты жұмыс жасауына сәттілік тіледі. «Бүгін біз Түркістан облысы үшін ғана емес, еліміз үшін аса маңызы зор жобаның басталуына куә болып отырмыз. Ел Президенті шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамытуды тапсырған болатын. Осы бағытта нақты жұмыстар қолға алынды. Кентауда газ қазандықтарын шығаратын зауыт ашылды. Жобаны жүзеге асырған инвесторларға алғысымды білдіремін», – деді ол.

Айта кетейік, Кентау қаласында арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және индустриалды аймақ тиімді инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. АЭА жер көлемі 35 гектарды құрап, онда екі жоба – «KentauRedStar» ЖШС кірпіш шығару зауыты мен «Темір бетон» ЖШС темір-бетон бұйымдарын жасау кәсіпорны толық іске қосылған. Сонымен қатар, «Қарнақ» шағын өнеркәсіп паркін ашуға 9,3 гектар жер бөлінді. Биыл облыстағы арнайы және индустриалды аймақтарда тағы 5 жоба жүзеге асырылып, 150 жаңа жұмыс орны ашылуы жоспарлануда.

Индустриалды аймақтың жалпы ауданы 43 гектарды құрайды. Онда 10 жаңа жобаны іске асыру көзделіп отыр, бұл нәтижесінде қосымша 309 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында өндірістік секторды дамытуға, инвесторларды тартуға және жергілікті экономиканың әртараптануына серпін береді.

Жаңа зауыттың іске қосылуы өңірдің экономикалық дамуын қамтамасыз етуде маңызды қадам болып, Кентау қаласының инвестициялық тартымдылығын арттырады. Сонымен қатар, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және шағын және орта бизнеске қолайлы жағдай жасау арқылы облыстағы еңбек нарығына жаңа мүмкіндіктер ашылмақ.