Түркістан облысының Келес ауданында Келес өзенінен өтетін ескі көпірдің апатты жағдайға жетуі өңірде жедел түрде шешім қабылдауды талап етті. Облыс әкімдігінің тұрақты бақылауында жүргізіліп жатқан жұмыстар аясында көпірді қалпына келтіру, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту және жаңа көпір салу жоспарлануда.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жауапты сала басшыларымен бірге оқиға орнына барып, көшпелі кеңес өткізді. Кездесу барысында жаңа көпір салу мәселелері жан-жақты талқыланып, жобалау ұйымымен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу бойынша келіссөздер басталды.
Аталған көпір 1970 жылы салынған, ұзындығы 54 метр, ені 11 метр, биіктігі 6,5 метр. Көпір арқылы Ушқын ауылдық округіне қарасты Достық, Қоралас және Ұшқын елді мекендерінің тұрғындары Абай ауылымен қатынас жасайтын. Көпірдің пайдаланылу мерзімі аяқталып, тозу деңгейі шекті көрсеткішке жеткен. Бірнеше мәрте жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен қажетті нәтиже алынбаған. Жедел әрекет ету арқасында адам шығынына жол берілмеді, қозғалыс уақытша тоқтатылды.
Қазіргі таңда көпір арқылы автокөлік қозғалысы уақытша айналма жолдар арқылы ұйымдастырылған. Атап айтқанда, Алпамыс батыр және Біртілек ауылдық округтері арқылы ұзындығы 10–15 шақырым болатын жолдардан қатынау мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, «Дарбаза» ТСЖ-ның су құбыры зақымдалғандықтан, Қошқаратын ауылдық округінің Ушқын елді мекеніндегі 136 абонентке тәулігіне екі рет арнайы автоцистерналар арқылы ауыз су жеткізілуде. Су беру жүйесі толық қалпына келтірілгенге дейін тасымалдау жалғасады.
Қауіпсіздік және білім саласын қамтамасыз ету мақсатында Ұшқын елді мекеніндегі 40 оқушы ағымдағы тоқсан аяқталғанға дейін қашықтан оқыту форматына ауыстырылды. Төтенше жағдайлар қызметі, полиция және жергілікті атқарушы органдар оқиға орнында жұмысын жалғастырып, техникалық тексеру жүргізуде.
Зұлпыхар Жолдасов хабарлағандай, жаңа көпір салу жобасы мүмкіндігінше қысқа мерзімде іске асырылатын болады, барлық қажетті шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бұл жоба Келес ауданындағы тұрғындардың қауіпсіздігі мен инфрақұрылымдық жағдайын жақсартуға, сондай-ақ аймақтағы көлік қатынасының сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама болып табылады.
