Түркістан қаласының индустриялық аймағында өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға және экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бүгінде жалпы аумағы 63,8 гектарды құрайтын индустриялық аймақта 30 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде 21 жоба өндірісін бастап, кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеуде, ал 9 жоба құрылыс және іске асыру кезеңінде.
Жобалардың жалпы инвестициялық құны 19,641 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі күнге дейін 9,725 млрд теңге инвестиция игерілсе, қалған 9,916 млрд теңге көлеміндегі қаржы кезең-кезеңімен өндірістік жобаларды аяқтауға бағытталуда.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы индустриялық аймақтағы өндірістік нысандарды аралап, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың орындалу барысымен танысты. Жұмыс сапары барысында қала басшысы өндірістік парк кешенінің құрылысын бақылап, нысанның сәулеттік келбетін талапқа сай ретке келтіруді, аумақты абаттандыруды және жолдарға асфальт төсеу жұмыстарын сапалы аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар құрылыс кезінде анықталған кемшіліктер бойынша мердігер ұйымға заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдауды жүктеді.
Сапар аясында қала әкімі индустриялық аймақта жүзеге асырылып жатқан «НҰРҚАҒАЗ-Х» ЖШС-нің қағаз бұйымдарын шығаратын өндіріс орнының құрылысымен де танысты. Құны 3 млрд теңгені құрайтын жоба 5 гектар аумақта орналасқан. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін 40 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобаны 2026 жылы іске қосу жоспарланған.
Қазіргі уақытта индустриялық аймақта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда 901 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал құрылыс кезеңіндегі жобалар толық іске қосылғаннан кейін қосымша 306 жаңа жұмыс орны құрылып, тұрақты жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 1 207 адамға жетеді.
Индустриялық аймақта жүзеге асырылып жатқан жобалар өндіріс көлемін ұлғайтуға, жаңа технологияларды енгізуге, өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде Түркістан қаласының инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, өңір экономикасының орнықты дамуына серпін береді.
Қала әкімі өндірістік аймақтың инвестициялық әлеуетін одан әрі арттыру, кәсіпорындардың құрылысын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау мәселелері тұрақты бақылауда болатынын атап өтті. Сондай-ақ жауапты тұлғаларға әрбір инвестициялық жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосатын өндірістерді қолдау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.

