ТҮРКІСТАН: ЖІБЕК ЖОЛЫ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ АУЫЗ СУ ЖОБАСЫ – ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨЗІН-ӨЗІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ БАСТЫ ҚАДАМ

Түркістан облысы, Сарыағаш ауданына қарасты Жібек жолы ауылдық округіндегі Жібек жолы елді мекенінде ауыз су жүйесінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл ауқымды инфрақұрылымдық жоба – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама.

Бүгінде ауыз су – ел экономикасының негізгі тетіктерінің бірі. Себебі тұрақты сумен қамтылған елді мекенде тұрмыс та, шаруашылық та, кәсіпкерлік те қатар дамиды. Осы тұрғыда Жібек жолы елді мекеніндегі жоба аймақтың экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуетін күшейтуге айрықша ықпал етпек. Жоба аясында елді мекенді Р-1 каналынан тартылатын магистральды суағар жүйесіне қосу көзделген. Бұл шешім ауыл халқын тұрақты әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етумен қатар, болашақта өндіріс орындары мен шағын кәсіпкерлік нысандарын дамытуға мүмкіндік береді. Себебі ауыз су мәселесінің шешілуі ауылдың инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.

Құрылыс жұмыстары Сарыағаш ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысымен жүзеге асырылуда. Бас мердігер – «FS Development Group» ЖШС. Жалпы жоба ұзындығы 91 шақырымды қамтиды. Қазіргі таңда су құбырларын тарту жұмыстары толық аяқталып, Р-1 магистралдық желісіне қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар су қоймасы мен қорғау пункті салынып, қажетті резервуарлар орнатылған. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстарының орындалу көрсеткіші 95 пайызға жетті. Бұл жоба іске қосылғаннан кейін Жібек жолы елді мекенінің мыңдаған тұрғыны сапалы ауыз суға қол жеткізеді. Тұрақты сумен қамту арқылы ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарып, халықтың тұрмыс деңгейі көтеріледі. Сонымен бірге, су тапшылығының шешілуі ауылдағы шағын және орта бизнес пен ауыл шаруашылығын дамытуға нақты алғышарттар жасайды.

Мамандардың айтуынша, аталған нысанның пайдалануға берілуі – тек инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртумен шектелмей, жергілікті экономиканы жандандыруға, еңбек өнімділігін арттыруға және халықтың көші-қонын тұрақтандыруға ықпал ететін маңызды фактор. Осылайша, Жібек жолы ауылдық округінде атқарылып жатқан ауыз су жобасы – аймақтың экономикалық дербестігін арттыруға, халықты өз ресурстарымен қамтамасыз етуге және өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі қадам болып отыр. Бұл бастама өңірдің ұзақ мерзімді дамуы мен тұрақты экономикалық өсімінің кепілі болмақ.