ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ИНДУСТРИЯЛДЫҚ АЛАҢДАР АШЫЛЫП, ЖАҢА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ

Түркістан облысының экономикалық дамуы мен инвестициялық әлеуетін арттыру мақсатында Жетісай ауданында жаңа кәсіпорындар іске қосылуда. Бұл бағыттағы шаралар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, кәсіпкерлікті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсарту мақсатында жүргізілуде.

Жетісай ауданының Асықата кентінде жалпы ауданы 1 гектар болатын шағын өндірістік парк ашылып, оған 210 млн теңге инвестиция салынды. Паркте 5 өндіріс орны іске қосылады: түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, құрғақ және сұйық ұнтақ, кір сабын мен сусабын өндіру, әжетхана қағазы мен майлықтар шығару. Жобаның жүзеге асырылуы нәтижесінде 100-ге жуық жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Аудан әкімі Серік Мамытовтың айтуынша, жаңа өндірістік парк пен индустриялық аймақты тиімді пайдалану экономикалық дамуға айтарлықтай серпін береді:
«Жетісайдағы индустриялық аймақ пен шағын өндірістік паркте 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жаңа кәсіпорындар аудандағы өндірістік әлеуетті арттырып, кәсіпкерліктің дамуына мүмкіндік жасайды. Инвесторларға заң аясында барлық қолдаулар көрсетіледі. Асықата кенті мен Ынтымақ, Жаңа ауыл, Қазыбек би ауылдық округтері жаңа жобалар үшін стратегиялық тұрғыдан тиімді орналасқан», – деді аудан басшысы.

Соңғы 5 жылда ауданда 90,2 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Бұл қаржы жаңа өндірістік жобаларды іске қосуға, инфрақұрылымды дамытуға және жергілікті экономикаға серпін беруге жұмсалды. Алдағы жоспарларға сәйкес, 2030 жылға қарай ауданға тартылатын инвестиция көлемі 419,6 млрд теңгеге жететін болады. Бұл көрсеткіш Жетісайдың индустриялық әлеуетін арттырып, аймақтың экономикалық тұрақтылығын күшейтеді.

Жаңа өндіріс орындарының ашылуы тұрғындардың табысын арттырумен қатар, өңірдің инвестициялық тартымдылығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Түркістан облысы аудандарында индустриялық аймақтар мен шағын өндірістік парктерді дамыту арқылы экономиканың әртараптандырылуын қамтамасыз етіп, тұрақты өсім мен инвестициялық серпінге қол жеткізіп отыр.

Қорытындылай келе, Жетісайдағы жаңа өндірістік парк пен инвестициялық жобалар облыстың экономикалық даму стратегиясына сәйкес кәсіпкерлікті қолдап, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің индустриялық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық бастамалар болып отыр.