ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ЗАМАНАУИ ҮСТЕЛ ТЕННИСІ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінде бұқаралық спортты дамытуға бағытталған маңызды жоба жүзеге асты. «SPORT ASSET MANAGEMENT» қоғамдық бірлестігінің жеке инвестициясы есебінен салынған заманауи үстел теннисі орталығы ел игілігіне берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, тұрғындарды қуанышты жаңалықпен құттықтады.

Салтанатты рәсім барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында бұқаралық спортты дамыту, әсіресе ауылдық елді мекендердегі спорт инфрақұрылымын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар бергенін атап өтті. Осы бағытта өңірде жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізген ол, жаңа спорт нысанының стандарттарға сай, заманауи үлгіде жабдықталғанын айтты.

Айта кету керек, биыл Түркістан облысы көлемінде 112 спорт нысанының құрылысы басталып, соның 102-сі пайдалануға берілуде. Қалған нысандар 2026 жылға өтпелі ретінде жоспарланған. Жетісайдағы жаңа орталық бір мезетте 200-ге дейін спортшыны қабылдай алады. Мұнда үстел теннисінен бөлек, бокс пен күрес түрлерімен де тұрақты түрде шұғылдануға барлық мүмкіндік жасалған.

Аумағы 1 гектарды құрайтын, құны шамамен 1 млрд теңге болатын орталықта екі үлкен жаттығу залы бар. Оның бірінде 9 үстел теннисі үстелі орнатылса, екіншісінде 3 күрес кілемі, бокс рингі мен заманауи тренажер жабдықтары орналастырылған. Сонымен қатар, спортшыларға арналған 30 орындық жатақхана мен асхана қарастырылған. Барлық талаптарға сай салынған кешенде енді республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік бар.

Өңір басшысы нысанның бой көтеруіне демеушілік жасаған кәсіпкер, меценат, Қазақстан Республикасы үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Әбілғазинге алғыс білдіріп, жаңа орталықтан болашақта Олимпиада және әлем чемпиондары шығатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, ҚР Үстел теннисі федерациясының вице-президенті Елсияр Қанағатов елімізде бұл спорт түрінің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Жетісайдағы орталықтың үлкен жетістіктерге жол ашатынын айтты.

Бүгінде Жетісай ауданында мектептер мен арнаулы орта оқу орындарының алаңшаларынан бөлек, 77 ашық спорт алаңшасы жұмыс істейді. Оның 49-ы мемлекеттік, 28-і жеке меншік. Соңғы жылдары мемлекеттік және жеке инвестиция есебінен ондаған спорт нысаны пайдалануға беріліп, биылдың өзінде жалпы құны 90,5 млн теңгені құрайтын тағы 6 спорт алаңшасының құрылысы аяқталмақ.

Жетісайдағы жаңа үстел теннисі орталығы – өңірдің спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулуға, кәсіби спортшыларды даярлауға берік негіз қалайтындай маңызды жоба.