Түркістан облысы – еліміздің ауыл шаруашылығы мен сауда саласында серпінді дамып келе жатқан аймақтардың бірі. Мұнда өндірілген өнімнің басым бөлігі ішкі нарыққа бағытталғанымен, соңғы жылдары жергілікті шаруалардың сапалы өнімдері көрші елдерге де экспорттала бастады. Бұл үрдіс аймақ экономикасының тұрақтылығын арттырып, шекара маңындағы сауда қатынастарын нығайтуға өз септігін тигізуде.
Осы бағыттағы нақты істердің бірі – Түркістан қаласында ұйымдастырылып келе жатқан азық-түлік жәрмеңкелері. Аптаның әр жұма күні тұрақты түрде өтетін жәрмеңкелер – халыққа қолжетімді бағадағы сапалы өнім ұсынумен қатар, отандық өндірушілердің әлеуетін танытатын тиімді алаңға айналып отыр. Кезекті жәрмеңке «Яссы» мөлтек ауданында өтіп, сөрелерге 30 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі қойылды.
Жәрмеңкеге Қазығұрт және Ордабасы аудандарының шаруалары, сондай-ақ «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ мен жергілікті кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды. Мұнда ет, сүт, көкөніс, жеміс-жидек, жұмыртқа сияқты күнделікті тұтынуға қажетті тауарлар нарықтағыдан 30–50 пайызға дейін төмен бағада саудаланды. Мәселен, картоп – 140 теңге, пияз – 85 теңге, сәбіз – 140 теңге, қырыққабат – 100 теңгеден сатылды. Ал сиыр етінің бағасы – 2500 теңге, тауық еті – 1100 теңге, нан – 80 теңге, жұмыртқаның данасы – 45 теңгеден ұсынылды.
Бұл жәрмеңкелердің негізгі мақсаты – жергілікті өнім өндірушілерді қолдау, отандық тауар сапасын арттыру және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету. Мұндай бастамалар тек әлеуметтік маңызы бар іс-шара ретінде ғана емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді шешім болып отыр. Өйткені ауыл шаруашылығы өнімдерін тікелей өндірушіден тұтынушыға жеткізу – делдалдық тізбекті қысқартып, бағаның негізсіз қымбаттауын болдырмайды.
Облыс орталығында дәстүрге айналған жәрмеңкелер жергілікті брендтердің танылуына, ал фермерлердің сауда мәдениетінің қалыптасуына ықпал етуде. Сонымен қатар, Түркістан өңірінде өндірілетін экологиялық таза, сапалы өнімдер шекара маңындағы сауда айналымының ұлғаюына да жол ашып отыр. Қытай, Өзбекстан және Қырғызстан бағыттарына жақын орналасқан Түркістан облысы – логистикалық тұрғыдан қолайлы аймақ. Бұл фактор аймақ шаруаларына өз өнімін сыртқы нарыққа тиімді экспорттауға мүмкіндік береді.
«Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Бекжан Бисенбаевтың айтуынша, келесі жәрмеңке 17 қазан күні «Шауғар» секторында өтеді. Онда Мақтаарал мен Жетісай аудандарының шаруалары өздерінің экологиялық таза әрі сапалы өнімдерін ұсынады деп күтілуде. Бұл аудандар – еліміздегі ең ірі көкөніс және бақша өнімдерін өндіруші өңірлер. Олардың өнімдері шетелдік нарықта да жоғары сұранысқа ие.
