Түркістан облысы білім беру саласында үлкен серпіліс жасап, «Келешек мектептері» жобасын іске асыру аясында жаңа заманауи білім ұяларын ашуды жалғастыруда. Арыс қаласының «Тараз» ықшамауданында №2 мектептің ашылуы осы жобаның нақты нәтижесін көрсетіп, қаладағы үш мектептегі орын тапшылығын жойды.
Жаңа білім ошағының ашылуы балалар мен педагогтар үшін сапалы оқыту жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мектеп директоры Талғат Сағатұлының айтуынша, оқу орны Мемлекет басшысының бастамасымен бой көтерген және биылғы оқу жылының басында пайдалануға берілген. Бұған дейін «Нұрсая» ықшамауданындағы И.Журба атындағы мектепте және Ақдала ауылындағы С.Ерубаев атындағы мектепте 1100-ден астам оқушы шоғырланған, бұл оқыту сапасына әсер еткен. Сонымен қатар «Онтам» ықшамауданындағы «Ынтымақ» шағын мектептің жабылуы қосымша жүктеме тудырған. Жаңа мектеп іске қосылуымен осы мәселе толық шешіліп, оқу процесі тұрақтандырылды, оқушылар кең және жарық кабинеттерге орналасты, мұғалімдердің жүктемесі азайды.
Мектепте оқушыларға барлық заманауи мүмкіндіктер қарастырылған. 600 орындық мектепте қазіргі таңда 515 оқушы білім алып, 49 мұғалім еңбек етуде. Білім беру инфрақұрылымы кеңейтіліп, 56 оқу кабинеті бар: бастауыш сыныптар үшін 15 кабинет, робототехника, STEM зертханасы, сенсорлы бөлме, хореография, логопед, психолог, әлеуметтік педагог кабинеттері, 30 оқушыға арналған кітапхана, аспаздық және шеберхана кабинеттері. Физика, химия, биология, тарих, география, тіл және информатика кабинеттері толық заманауи стандарттарға сай жабдықталған. Сонымен қатар, мектепте 170 орындық асхана, 130 орындық АКТ залы, екі спорт залы, футбол, волейбол, теннис, баскетбол алаңдары мен АӘД арналған арнайы орын, бастауыш оқушыларға арналған ойын алаңдары бар.
«Келешек мектептері» жобасы тек білім беру саласын жаңартумен шектелмей, әлеуметтік-экономикалық даму мен өңірдің инфрақұрылымын нығайтуға да ықпал етеді. Заманауи мектептердің ашылуы педагогтарға жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етеді, оқушылардың сапалы білім алу мүмкіндігін арттырады және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Келешек мектептері» жобасы арқылы 29 білім ұясының құрылысы толық аяқталуға жақын. Бұл – облыстың білім беру саласындағы реформаларын тиімді жүзеге асыру мен келешек ұрпаққа сапалы білім беру бағытындағы маңызды қадам.
