ТҮЛКІБАС АУДАНЫНЫҢ АЗАТТЫҚ АУЫЛЫНДА ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Түлкібас ауданына қарасты Азаттық ауылында ауыл тұрғындары үшін көптен күткен жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Бұған дейін 5 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекен халқы медициналық қызметті ескі және талапқа сай келмейтін ғимаратта алып келген болатын. Жаңа нысан осы мәселені түбегейлі шешіп, ауыл тұрғындарына сапалы және заманауи медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Жаңа амбулатория – мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі. Бұл жоба ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды жаңғыртып, тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев және аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Бұл шара ауыл тұрғындары үшін ғана емес, ауданның денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруда маңызды қадам болып отыр.

Жаңа дәрігерлік амбулатория қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған. Мұнда қабылдау бөлмесі, фильтр-бөлме, әйелдер кабинеті, егу және емшара бөлмелері, физиотерапия кабинеті, дәріхана, 4 төсекке арналған күндізгі стационар, дені сау бала бөлмесі, тіс дәрігері кабинеті және медицина қызметкерлеріне арналған бөлмелер қарастырылған. Осы құрылымның барлығы ауыл тұрғындарына кешенді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді, соның ішінде профилактикалық тексерулер, алғашқы медициналық көмек, диагностикалық және емдік шаралар қамтылады.

Іс-шара барысында аудан әкімі Асқар Естібаев құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы аяқтаған мердігер мекеме өкілдерін алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ ауыл ақсақалдары ел игілігі үшін еңбек еткен азаматтарға ақ баталарын беріп, жаңа нысанның маңыздылығын атап өтті.

Айта кетейік, биыл Түлкібас ауданында медициналық нысанға мұқтаж елді мекендерде бірнеше заманауи ғимарат пайдалануға берілді. Олардың қатарында Мақталы, Тастыбұлақ, Шақпақ-Баба және Азаттық ауылдары бар. Жыл соңына дейін Қызылбастау ауылындағы медициналық нысан да ел игілігіне тапсырылады. Сонымен қатар, 2026 жылы медициналық тірек қажет ететін Қараағашты, Жанұзақ, Майтөбе және Еңбек елді мекендерінде заманауи медициналық нысандар салу жоспарлануда.

Жаңа амбулаторияның ашылуы ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымның дамуына, тұрғындардың денсаулығын жақсартуға және ауданның әлеуметтік әлеуетін арттыруға қосқан нақты үлес болып отыр. Бұл жоба Түлкібас ауданының тұрғындарына сапалы медициналық қызмет алуға мүмкіндік беріп қана қоймай, денсаулық сақтау саласындағы жүйелі жұмыстардың нәтижелі жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, аудан тұрғындары үшін медициналық қызмет көрсету сапасы одан әрі арта береді.