Түркістан облысының көлік-логистикалық әлеуетін арттыру және өңірдің экономикалық дамуын қолдау бағытында Түлкібас ауданында жаңа «Түлкібас» теміржол вокзалының құрылысы басталды. Бұл жоба ауданның көлік инфрақұрылымын жаңғырту мен тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жоспарға сай қарқынды жүруде. Мердігер ұйым нысанның бірінші қабатын толық аяқтап, екінші қабаттың құрылысын бастап кеткен. Жыл соңына дейін ғимараттың шатырын жабу, ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары толық аяқталмақ. Жоба толық іске қосылған соң, жаңа вокзал заманауи стандарттарға сай келетін қызмет түрлерін ұсынатын болады. Аудандық деңгейде іске асырылып жатқан бұл жоба тек көлік саласын жаңғырту ғана емес, сонымен қатар жергілікті экономиканы жандандыруға да ықпал етпек. Себебі жаңа вокзалдың салынуы аудандағы кәсіпкерлік белсенділікті арттырып, қызмет көрсету секторының дамуына жол ашады. Вокзал айналасында шағын және орта бизнес нысандарының, қонақүй және тамақтану орындарының, көлік және жүк тасымалдау қызметтерінің кеңеюі күтілуде. Түлкібас ауданы – Түркістан облысының стратегиялық маңызы бар аймағы. Бұл өңір арқылы республикалық және халықаралық бағыттағы теміржол желілері өтеді. Сол себепті «Түлкібас» вокзалының қайта жаңғыруы өңірдің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, жолаушылар мен жүк тасымалының тиімділігін арттырады. Инфрақұрылымды дамыту – өңірлік экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі. Жаңа вокзалдың салынуы арқылы Түлкібас ауданының көлік жүйесі жаңарып, тұрғындардың сапалы және қауіпсіз қызметке қол жеткізуіне мүмкіндік туады. Сонымен қатар бұл жоба мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асып жатқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жоспарына сәйкес келеді. Көлік және коммуникация саласындағы мұндай ірі жобалардың жүзеге асуы облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді. Заманауи вокзал тек ауданның ғана емес, бүкіл Түркістан өңірінің көлік инфрақұрылымындағы жаңа белес болмақ. Жаңа «Түлкібас» теміржол вокзалының іске қосылуы – тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастырумен қатар, өңір экономикасының тұрақты дамуына және инвестициялық әлеуетінің артуына серпін беретін маңызды жоба.
Әлемге көзқарасыңды өзгертетін Janalyqtar!
