ТҮЛКІБАС АУДАНЫНДА ТУРИЗМ САЛАСЫ ҚАРҚЫНДЫ ДАМУДА

Түлкібас ауданында туризм саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, инвестициялық әлеуетті арттыру бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Жаскешу ауылдық округіне қарасты Пістелі ауылында бой көтеріп жатқан «Saumal DE Lux» туристік-сауықтыру кешені. Бұл нысан аудан экономикасын әртараптандыруға, туристік әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған стратегиялық жоба ретінде қарастырылып отыр.

Кешеннің негізгі бағыты – саумалмен емдеу, жылқы туризмі, табиғат аясында серуендеу, сондай-ақ ұлттық тағамдар мен дәстүрлі қолөнерді жаңғырту. Атап айтқанда, қонақтар таба нан мен қолдың майын дайындау дәстүрін өз көздерімен көріп, тәжірибе ала алады. Аудан әкімі Асқар Естібаев құрылыс барысын тексеріп, нысанның уақытында әрі сапалы аяқталуын бақылауда.

Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Жобаның іске асу жоспары 2026-2027 жылдарға арналған үш кезеңге бөлінген. Бірінші кезең 2026 жылы жүзеге асады және кешенде жалпы ауданы 1280 шаршы метрді құрайтын заманауи қонақ үй, мейрамхана, жазғы алаңша, сондай-ақ 3 бірегей типті коттедж пайдалануға беріледі. Әр коттедждің аумағы 160 шаршы метрді құрайды және аудан тұрғындары мен қонақтарға толық қызмет көрсетеді.

Екінші кезең 2026-2027 жылдары жүзеге асып, заманауи спорт кешені, жазғы бассейн, 10 глемпинг және 5 киіз үй сияқты нысандар іске қосылады. Сонымен қатар, балық шаруашылығын дамыту, Көкбұлақ өзені үстінен екі аспалы көпір салу, тау бөктерінде 1,5 шақырым жаяу жүргінші жолын жасау жұмыстары жүргізілмек.

Кешеннің алғашқы кезеңі 2026 жылдың наурыз айының екінші жартысында ашылады деп жоспарлануда. Нысан іске қосылғаннан кейін аудан туризм саласында жаңа қарқын алып, өңір экономикасының өзін-өзі дамытуына, инвестиция тартуға және туристік инфрақұрылымды жаңғыртуға ықпал етеді. Сонымен қатар, «Saumal DE Lux» жобасы жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.

Бұл жоба Түлкібас ауданын туристік бағытта танымал етуге, өңірге шетелдік және ішкі инвестицияны тартуға, сонымен қатар Түркістан облысының экономикалық дамуын тұрақты түрде нығайтуға бағытталған маңызды стратегиялық бастама болып отыр.