Түркістан облысында ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Түлкібас ауданына қарасты Азаттық елді мекенінде заманауи дәрігерлік амбулатория салынып, пайдалануға берілді. Бұл – шалғай ауыл тұрғындары үшін сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекке жол ашқан маңызды қадам.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, Түлкібас ауданының әкімі Асқар Естібаев және аудандық мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықпен құттықтады.
Заманауи талаптарға сай салынған дәрігерлік амбулаторияда медициналық қызметтің толық спектрін көрсетуге барлық жағдай жасалған. Мұнда фильтр бөлмесі, әйелдерге арналған кабинет, егу және емшара бөлмелері, қабылдау және физиотерапия кабинеттері, дәріхана, 4 төсекке арналған күндізгі стационар, дені сау бала бөлмесі, тіс дәрігерінің кабинеті, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне арналған жұмыс бөлмелері қарастырылған. Бұл ауыл тұрғындарының аудан орталығына бармай-ақ, алғашқы медициналық көмекті өз елді мекенінде алуына мүмкіндік береді.
Салтанатты шара барысында аудан әкімі құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаған мердігер ұйым өкілдеріне арнайы алғыс хаттар табыстап, олардың еңбегін жоғары бағалады. Ал ауыл ақсақалдары игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға ақ баталарын беріп, ел денсаулығы жолындағы бастамаларға ризашылықтарын білдірді.
Айта кету керек, биылғы жылы Түлкібас ауданы аумағында медициналық инфрақұрылымды нығайту мақсатында Мақталы, Тастыбұлақ, Шақпақ-баба және Азаттық ауылдарында жаңа медициналық нысандар бой көтеріп, пайдалануға берілді. Ал жыл соңына дейін Қызылбастау ауылындағы медициналық нысанның да ел игілігіне ұсынылуы жоспарланып отыр.
Жалпы, Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту, ауыл тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету – өңірлік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осындай әлеуметтік маңызы бар жобалар облыстың тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатын арттыруға және тұрғындардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға қызмет етіп келеді.
