Түркістан облысында мәдениет пен руханият саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Ауылдық елді мекендерде мәдениет үйлері мен кітапханалар салу арқылы тұрғындардың білімге, рухани құндылықтарға қолжетімділігін арттыру – осы бағыттағы маңызды басымдықтардың бірі.
Соның жарқын дәлелі – Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында жаңа кітапхана ғимаратының ашылып, ел игілігіне берілуі. Заманауи үлгіде салынған рухани орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев, ауданның ардагерлері, ақ жаулықты әжелер мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында аудан әкімі Мұхит Сексенбайұлы жиналған қауымды жаңа кітапхананың ашылуымен құттықтап, оның маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін – Созақ жұртшылығы үшін тарихи әрі тағылымы терең күн. Бұл – тек бір нысанның пайдалануға берілуі емес, бұл – руханиятқа, білімге, болашаққа бағытталған игі қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайда кітапханалардың қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, оларды ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыратын маңызды мәдени-білім орталығы ретінде дамыту қажеттігін атап өткен болатын. Осындай мәдени ошақтарымыз көбейіп, жас ұрпақтың кітапқа деген сүйіспеншілігі арта берсін. Бұл – ел игілігі үшін жасалған ортақ еңбек, – деді аудан басшысы.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов те сөз сөйлеп, жаңа кітапхана ғимаратының ашылуы аудан тұрғындары үшін үлкен рухани олжа екенін атап өтті.
Салтанатты рәсімнен кейін қатысушылар жаңа нысанды аралап, кітапхананың қызмет бағыттарымен танысты. Ауыл тұрғындары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, жаңа кітапхананың ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.
Айта кетейік, жаңа кітапхана ғимаратының кітап қоры 500 мыңға жуық. Нысан заман талабына сай толық жабдықталып, оқырмандар үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Мұнда жастардың еркін білім алуына, ізденуіне және шығармашылықпен айналысуына кең мүмкіндік бар. Сонымен қатар кітапханада түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар, кездесулер мен танымдық жобаларды өткізуге арналған арнайы кеңістіктер қарастырылған.
Құрылыс алаңының жалпы аумағы 2 536 шаршы метрді, ал ғимараттың өзі 496 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында аумақ абаттандырылып, асфальт жолдар төселген, көгалдандыру, жасыл аймақтар мен жарықтандыру жүйелері орнатылған. Кіреберіс алаң мен автотұрақ орындары да қарастырылған. Ғимарат климаттық және сейсмикалық талаптарға толық сай салынған.
Кітапхананың төменгі қабатында кітап сақтауға арналған қоймалар орналасса, бірінші қабатта акт залы, оқу залы, құжаттарды өңдеу және жинақтау бөлімі, абонемент пен қызметкерлер кабинеттері бар. Ал екінші қабатта оқу және мәжіліс залдары, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімі, ақпараттық-библиографиялық қамтамасыз ету, кітапхананы дамыту бөлімі және тілдерді оқыту мен дамыту орталығы жұмыс істейді.

