Созақ ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков өз бақылауына алып, тұрғын үй және әлеуметтік нысандардың құрылыс алаңдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен барысын тексерді.
Жеткіншек мөлтек ауданында жеке инвесторлардың қаржысы есебінен салынған тұрғын үйлердің құрылысы биылғы жылдың басты басымдықтарының бірі болып отыр. Қазіргі таңда екі қабатты үш тұрғын үйдің, яғни жалпы 24 пәтердің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға дайын. Сонымен қатар, екі пәтерлі 13 тұрғын үйдің, жалпы 26 пәтердің де құрылыс жұмыстары аяқталған. Осылайша, Жеткіншек мөлтек ауданында 50 пәтерлі жаңа үйлер тұрғындардың игілігіне берілуге дайын тұр.
Барлық тұрғын үйлер заманауи стандарттарға сәйкес салынып, травертинмен қапталған. Жылу және су жүйелері толық тартылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Пәтерлердің ішкі кеңістігі толықтай дайын, түсқағаздары жапсырылған. Сонымен қатар тағы 13 тұрғын үйдің (26 пәтер) құрылысы 90 пайызға аяқталған. Бұдан бөлек, демеушілердің қолдауымен «Жаңғырту бағдарламасы» аясында бой көтеріп жатқан екі қабатты 16 пәтерлі тұрғын үйдің де құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Биылғы жылы барлығы 92 пәтерлі жаңа тұрғын үйлер ел игілігіне табысталмақ.
Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков құрылыс нысандарындағы жұмыстардың сапасына ерекше көңіл бөліп, жауаптыларға құрылыс талаптарының сақталуын, мерзімінде аяқталуын қадағалауды тапсырды. Бұл тұрғын үй құрылысының сапасын қамтамасыз етуге және тұрғындарға ыңғайлы, қауіпсіз баспана ұсынуға бағытталған нақты қадам болып отыр.
Сонымен қатар, аудан орталығында салынып жатқан әлеуметтік нысандар да назардан тыс қалмады. «Жастар саябағында» бой көтеріп жатқан жаңа арбат тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне бағытталған. Жасыл желекке көмкерілген, қолайлы демалыс алаңдары бар арбат келушілерге ыңғайлы жағдай жасау мақсатында абаттандыру жұмыстарымен қамтылуда.
Аудан әкімі сондай-ақ жаңа кітапхана ғимаратының құрылыс барысымен танысты. Қазіргі заман талаптарына сай жабдықталатын нысанның ішкі әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде, ал сыртқы қасбеттері травертинмен қапталуда. Жаңа кітапхана жастар мен тұрғындарға білім алуға, шығармашылық және мәдени іс-шараларға қатысуға толық мүмкіндік беретін заманауи орталыққа айналады.
Осылайша, Созақ ауданында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік жағдайды тұрақтандыруға және өңірдің даму қарқынын арттыруға бағытталған нақты бастамалар болып отыр. Жаңа үйлер мен әлеуметтік нысандардың ашылуы тұрғындардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, ауданның әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымын нығайтуға елеулі үлес қосады.
