Түркістан облысының Созақ ауданында тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы ретте аудан орталығындағы Жеткіншек шағынауданында әлеуметтік осал санаттағы азаматтар мен көпбалалы отбасыларға арналған 25 пәтердің кілті салтанатты жағдайда табысталды.
Жаңа баспаналар тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды қолдау және олардың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында берілді. Қоныс иелерінің қатарында көп жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар бар. Олар үшін жаңа пәтерге қол жеткізу – көптен күткен қуанышты сәт әрі болашаққа деген сенімді нығайтатын маңызды оқиға болды.
Салтанатты рәсімге аудан тұрғындары, еңбек ардагерлері, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары және жаңа қоныс иелері қатысты. Іс-шара барысында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков тұрғындарды жаңа қоныстарымен құттықтап, халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Аудан басшысының айтуынша, өңірде тұрғын үй құрылысы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Бұл жұмыстар азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев жаңа қоныс иелеріне ізгі тілегін білдіріп, отбасыларына амандық пен береке тіледі.
Жаңа пәтер иелері мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау үшін ризашылықтарын білдіріп, бұл игі бастаманың көптеген отбасының өміріне оң өзгеріс әкелгенін жеткізді.
Айта кету керек, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Тұрғын үй алушылар азаматтардың әлеуметтік мәртебесі, тұрғын үйге мұқтаждық деңгейі және кезектегі орны негізінде айқындалады.
Соңғы жылдары Созақ ауданында тұрғын үй құрылысының қарқыны артып келеді. Бұған дейін Жеткіншек шағынауданында ондаған отбасы жаңа баспанаға ие болса, қазіргі уақытта пайдалануға дайын тұрғын үйлерді құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін пәтерлер заңнама талаптарына сәйкес өз иелеріне кезең-кезеңімен табысталатын болады.
Сонымен қатар аудан орталығында жаңа көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ еншілес ұйымдарының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жаңғырту бағдарламасы аясында да жаңа тұрғын үйлер бой көтеруде. Бұл жобалар тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін арттырып, ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға ықпал етеді.

