СОЗАҚ АУДАНЫ: БЕТПАҚДАЛАДА АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ ІРІ ҚАРА БАСЫ КӨБЕЙІП ЖАТЫР

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын дамыту өңірлік экономиканың негізгі басым бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Осы бағытта Созақ ауданында етті мал шаруашылығын дамыту мақсатында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соның бір дәлелі – «KAZ PLEMZAVOD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің асыл тұқымды ірі қара мал басын арттыру жобасы.

Аталған серіктестік арқылы ауданға жалпы саны 1 474 бас «Калмық» асыл тұқымды мүйізді ірі қара мал жеткізілді. Оның ішінде 1 245 басы аналық, ал 229 басы өткен жылғы төлдер. Әкелінген мал басы ауданның арнайы жер қорындағы Бетпақдала аумағынан бөлінген 5 000 гектар жайылым жерге орналастырылуда. Сонымен қатар серіктестік орман қоры жерінен 9 000 гектар жайылым алқабын келісім-шарт негізінде пайдаланып отыр. Қазіргі таңда барлық мал аудан бойынша тіркеліп, ветеринариялық есепке алынған.

«KAZ PLEMZAVOD» ЖШС 2020 жылы Түркістан облысы Арыс қаласында құрылған. Серіктестік өңірдің табиғи-климаттық ерекшеліктерін және жайылымдық әлеуетін ескере отырып, қызметін Созақ ауданының Бетпақдала аумағына көшіріп, асыл тұқымды етті мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. «Калмық» тұқымды мүйізді ірі қара – етті бағыттағы, шөл және шөлейт аймақтарға бейімделген, суыққа төзімді әрі жоғары өнімді мал тұқымы ретінде ерекшеленеді.

Серіктестіктің алдағы жоспарларымен «KAZ PLEMZAVOD» ЖШС төрағасы Мамытхан Әлімханұлы бөлісті.

📌 – Бұл кәсіпті 2020 жылдан бастап қолға алдық. Қазіргі таңда әкелінген мал толықтай ауданға тіркелді. Биыл мал басын тағы 1 500 басқа арттыруды жоспарлап отырмыз. Асыл тұқымды малдар Ресей Федерациясының Бурятия Республикасынан жеткізілді. Алдағы уақытта аналық мал басын көбейтіп, аталық ірі қараны 4 жастан бастап экспортқа шығаруды көздеп отырмыз. Сонымен қатар биыл жыл басынан бері ішкі нарық қажеттілігін өтеу мақсатында 10 365 келі ет өнімдерін өткіздік, – дейді ол.

Аталған жобаның жүзеге асырылуы Созақ ауданында етті мал шаруашылығын дамытуға, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға және ішкі нарықты сапалы отандық өніммен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, экспорттық бағыттың дамуы аудан экономикасының тұрақты өсіміне оң әсерін тигізбек.

Жалпы, бұл бастама Түркістан облысында агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бағытталған нақты қадамдардың бірі ретінде бағаланып, ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашуда.